Сәтбаевтың енді өз «Бәйтерегі» бар

Биыл Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары – Астана қаласы 20 жылдығын атап өткелі отыр. Еліміздің жүрегі іспеттес шаһардың «туған күнін» тойлау кеншілер қаласында да өз бастауын алды. Астана күні әлдеқашан жалпыұлттық мерекеге айналған.

Сейсенбі күні Кеншілер сарайында мәдени-сауықтыру орталығы мен балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өткізілді. Қаламыздың барлық мектептерінен шамамен 80-ге тарта оқушылардың қатысуымен өткен сурет байқауы еліміздің Бас қаласының мерейтойына орайластырылды. Ұйымдастырушылар сапынан көрінген өнер мектебінің ұстаздары бейнелеу өнеріне қызығушылық танытқан жастардың басын қосуды мақсат тұтқан.
– Бүгінгі шара оқушыларымыздың шығармашылық қабілетін арттыруға бағытталып отыр. Қаланың барлық мектебінен оқушыларды арнайы шақырттық. Шарада мәдени-сауық орталығының өкілдері концерттік бағдарлама ұсынса, өнер мектебінің «Юнеско» тобы шеберлік сыныбын өткізуді қолға алды. Бұдан бөлек, Астананың көркі саналатын «Бәйтерек» монументінің макетін жасап шықтық. Оған қатысушылар түрлі-түсті қағаздардан гүлдер жасап, безендіруі керек. «Бәйтерек» монументі қашан да бейбітшілік пен достықтың символы, – дейді өнер мектебінің мұғалімі Эмма Артес.
Шара барысында оқушылар қаламыздың белгілі суретшісі, ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі Армия Есеновтен шеберлік сабағын алды. Бұдан кейін қатысушылар сайын даланы сиқырға бөлеген Бас қаланың бүгінгі көркін өздігінше бейнелеп көруге тырысты. Елорданың ең көрнекті ғимараты негізінде дайындалған макетті пайдаланып, оны қағаздардан жасалған сан алуан гүлдермен көмкерді. Сәтбаев жастары Қазақ елінің Бас қаласына осылайша құрмет көрсетіп, мерейтойымен құттықтады.

Нұрлат Қонысбай.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.