Маңызды мәселелер қаралды

Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Сәтбаев қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Ермұханбет Сәлемовтың төрағалық етуімен әкімшіліктің кіші залында дөңгелек үстел өтіп, оған Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары және жеке кәсіпкерлер қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: «Өсімдіктер карантині саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы және қала аумағында карантиндік нысандардың таралуын болдырмау», «Өсімдіктер карантині саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдын алу».
Алғашқы сұрақ бойынша «ҚР АШМ АӨК МИК Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы» ММ өсімдіктер карантині және фитосанитарлық бақылау бекеттері бөлімінің басшысы Қайырғали Арынов баяндама жасады.
– Өсімдіктер карантині саласында инспекциямыз үш түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді – «Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында тасуға карантиндік сертификат беру», «Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге фитосанитариялық сертификат беру» және «Ғылыми-зерттеу мақсатында карантиндік объектілерді (карантиндік зиянды организмдерді) әкелуді келісу». Бұл қызметтердің барлығына өзіне тиісті Стандарттары мен қызмет көрсету тәртібі бекітілген. Стандартқа сәйкес, бірқатар мемлекеттік қызметтер автоматтандырылып, «электрондық үкіметтің» www.e.gov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Фитосанитарлық сертификат құжаттардың топтамасын тапсырған сәттен бастап 5 жұмыс күні ішінде, ал каратиндік сертификат 3 жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Барлық мемлекеттік қызметтер тегін түрде жүргізіледі. Жалпы 2017 жылы 15002 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 11100-і электронды түрде берілген, – деді Қайырғали Адайұлы.
Күн тәртібіндегі келесі мәселеге орай Қарағанды облыстық аумақтық инспек­циясының бас маманы, заңгер Майя Сералиева сөз алып, өсімдіктер карантині саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шаралар жайында айтып өтті.
Жиын барысында қатысушылар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, келген қонақтарға туындаған сұрақтарын қойды. Өз тарапынан мамандар жан-жақты жауаптарын беріп, кәсіпкерлерге фитосанитарлық сертификатпен заңды түрде жұмыс жасау керектігін ескертті.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.