Тетіксіз телефон тәрбие құралы емес

Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы дейді әлемнің ұлы ұстазы әл-Фараби. Бабаның аталы сөзі үлкен мән арқалайтынын, педогог мамандар оны білім шырағы ретінде ұстанатынын жоққа шығара қоймас. Ананың ақ уызына қанып, әкенің жомарттығына мейірлене өскен жас тәрбиенің бірнеше ошағынан тәлім алады, телегей-теңіз білім сапарына жол тартады. Бұл орайда темірдей тәртіппен баланың танымын бекітетін мектепалды даярлық тобы тәрбиешілерінің еңбегі еселі.

– Қазіргі заман баласын техно­логиялық қарыштау заманынан бөліп-жара алмайсыз. Бестен белі шықпақ түгілі, бесіктегі нәрестенің өзіне «әлди» айтпай-ақ смартфонды жанына жақын «таңып» қоятынымыз бар. Кішкенесінен сол «төртбұрышты» әлемнің тұңғиығына сүңгірдей боп кетеді. Тынымсыз балдырғанға телефон беріп байыз табатын ата-аналар осы жағдайдан кейін баланың таным көкжиегі кеңейеді деп ойлайды ма? Телефонға телміртіп қойып, балаға тәрбие беріп жатырмын деген дұрыс емес.

Осыдан он жыл бұрын оқытқан балалардың ойлау деңгейін бүгінгі оқушылармен салыстырар болсам, арасы жер мен көктей. Қазіргі бүлдіршіндердің ойлау санасы төмендеу сияқты, меніңше. Бірақ, келімді-кетімді кедергі болғандықтан, бұл да жөнге келер деп ойлаймын. Оқытпаймын демеймін, барлығына бірдей білім беріп шығуға талпынамын, – деп әңгімесін бастаған Роза Тоқтарбайқызы әркез ата-анаға тиісті ескертуін айтып шаршаған емес. – Әр жиналыс сайын ата-аналарға бала тәрбиесіне көбірек мән беруін, қадағалауын сұраймын. Бала қолмен көп жұмыс жасаса, тілі де дамиды, тез жаттығады. Бір мезет көңіл аударып көріңіз, өзі нені қалайтынын, немен айналысқысы келетінін айтады. Және сол арқылы, оның қабілетін байқауға, неге икемі барын білуге болады. Мақұл, қазақша ертегілер мен таным кеңейтер мультфильмдерді көруіне тосқауыл бола алмассыз. Алайда, қамрығы көп интернетте кері әсер ететін туындылар көп. Олардан көз тұнады. Осыдан кейін тәрбиені тетіксіз телефон бере алады деп ойлау әбестік.

Роза Әбуова қаламыздағы №7 орта мектебінің даярлық жасындағы балалар сыныбының тәрбиешісі. Ұлытау ауданы Қоскел ауылының тумасы қатарластарымен бірге сондағы мектеп-интернатын тәмамдап, болашағын бала тәрбиесімен байланыстыруды жөн көріпті. Асқақ арман арқалаған бойжеткен Жезқазған қаласындағы педогогика училищесінің тәрбиешілік бөліміне құжат тапсырып, оны 1988 жылы сәтті аяқтап шығады. Жас маман еңбек жолын өзінің туған ауылынан бастады.

Міне, сол кезеңнен тәрбиелеу ісіне ден қойған Роза Тоқтыбайқызы 2000 жылы Сәтбаев қаласына қоныс аударып, №19 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Араға бір жыл салып №7 мектепке орналасады. Аталған білім ордасында күні бүгінге дейін үздік еңбек етіп келе жатқан ұстаздың өзіндік сабақ беру тәсілі де жоқ емес.

– Біле білсеңіз, мектепалды даярлық тобындағы балаларды бірінші сыныпқа дайындау оңай болып көрінуі мүмкін. Бүлдіршінге тіл ұстарту осы кезеңнен басталады десек, оған қалам ұстатып, оқыту күрделі жұмыс. Алғашқы кезде сауат ашуды тек әріптердің көмегімен жүргізетін едік. Қазір тек сурет арқылы тәрбиелейсің, баланы сөйлете отырып, сөздік қорын дамытасың. Есеп-қисапты да берілген сурет негізінде шығарады. Білім сапасын арттыру мақсатына сәйкес, енгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес тәрбие бере білу керек. Білім стандарттарына сай жұмыс атқару да тыңғылықты дайындықты қажет етеді, – дейді.

Тәрбиеші сабақтарды ойын түрінде өткізеді. Қазақтың ертегілері, жұмбақ-жаңылтпаштары, өлең жолдарын жаттату арқылы әрбір оқушыға назар аударады. Шәкірттері түрлі бояуларды пайдалана отырып, сурет салады. Ұстаздың берген білімі нәтижесіз емес. Жылда тәрбиеленушілері «Үркер» білім орталығының ұйымдастыратын марафонында жүлделі орындарды иеленіп келеді. Бұл да берілген тәрбие мен білімнің жемісі.

Роза Әбуова қазіргі технологиялық даму баланың санасына теріс әсер етіп қана қоймай, ата-анасымен және достарымен толыққанды араласпағандықтан, тұйық мінез қалыптастырады дейді.

– Маған кейде тілі шықпаған, яғни ләм-мим деп сөйлей алмайтын балалар келеді. Логопедиядан хабарымыз болғандықтан, тілдің мүкістігінен арылтуға тырысамыз. «Л»-ға, «р»-ға тілі келмейтін балаларды жаттықтырып жүрмін ғой, бірақ «қ»-ны «т» деп айыра алмайтындарды көргенде жағамды ұстадым. Бұл, әрине отбасында баламен көп әңгімелеспегендіктен, көңіл бөлмегендіктен деп ойлаймын, – дейді тәрбиеші. – «Жастай берген тәрбие – жас шыбықты игенмен тең» деген сөз халық педагогикасының негізгі қайнар бұлағы. Әрбір ата-ана тәрбиені ұстаз береді деген қасаң қағидадан арылуы тиіс. Тал бесіктен әлім жетпейді деп тәлім бермесе, зәлім баланың одан бетер залым болып шығатынын мәлім етеді кейін.

Роза Тоқтарбайқызы үлгілі ұстаз ғана емес, адал жар, аяулы ана. Жұбайы кенші болса, екі баласы – мектеп оқушылары.

Тәртіпті білімнің бастауы ретінде көретін тәжірибелі тәрбиеші әр шәкіртін өз баласындай көреді. Оның мектепке қадам басқанына, жетістігіне шын қуанады. Сүйінішіне мерейі тасып, күйінішіне күйінеді. Күні бүгінге дейін аталған салада аянбай етіп келе жатқан ұстаздың алғашқы шәкірттері қазіргі таңда 8 сыныпты тәмамдауға жақын. Олар алғашқы ұстазына келіп алғыстарын жаудыруды ұмытпайды екен. Мерейі өскен маңдайалды мұғалімнің шын бақыты осы шығар, бәлкім!

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.