Әлеуметтік саланың әлеуеті сөз болды

Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омардың төрағалық етуімен кеңейтілген аппарат
жиыны өтті.

Бұл жолғы жиын шағын ресми шарамен басталды. Әкім Әнуар Серікбайұлы Ұлытау аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін абыроймен атқарып, еңбек демалысына шыққан Аманкелді Аманбековке құрмет көрсетіп, жұртшылық атынан алғыс айтты.

Бұдан соң жиын күн тәртібіндегі мәселелерге ойысты. Онда Ұлытау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің 2017 жылы атқарған жұмыстары және 2018 жылғы жоспарлары қаралды. Аталған мәселе аясында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айна Әбілова есеп берді. Оның мәлімдеуінше, 2017 жылы «Өрлеу» жобасы аясында 14 отбасының 76 мүшесіне 4292,8 мың теңге ақшалай көмек төленген. Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен және жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Осы жобаға қатысушылардың 42%-ы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, 35%-ы уақытша және тұрақты жұмысқа орналастырылған. 1 адам өз ісін ашып, жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркелді. Жобаны іске асыру нәтижесінде шартты ақшалай көмек алушылардың табысы 3,2 есеге артты. Қатысушылар шартты ақшалай көмекті жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға, ірі қара және ұсақ мал сатып алуға, оларға жем-шөп дайындауға бағыттады.

Жалпы, ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аудан көлеміндегі мүгедек жандардың мүддесін қорғау мен оларға қамқорлық жасау бағыттарында жүйелі жұмыстар жасап, көп балалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға, еңбек ардагерлеріне, басқа да мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуде нақтылы істер атқарып келеді.

Аппараттық жиында сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығының басшысы Жұматай Мақсұтұлы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды саралап берді.

Жиын соңында аудан әкімі Әнуар Омар Ұлытау ауданындағы кедейшілік деңгейі бойынша тіркелген отбасылармен тікелей жұмыс жасау қажеттігін, сондай-ақ жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды қоғамдық жұмысқа тартып қана қоймай, тұрақты жұмысқа орналасуы, не болмаса жеке кәсіпке бейімделуі жолында нақтылы тапсырмалар берді.

Комментарии закрыты.