ТҮСІРГЕН ОЙ СӘУЛЕСІН ШАРТАРАПҚА…

Қазақ әдебиетіне 30-шы жылдарда ілкімді дүниелермен келген Қасым Аманжоловтың орны ерекше. Өзінің сұңғыла жырларымен оқырман жүрегін жаулаған Қасым ақынның «Бұл күнде саңқылдаған сұңқар үнім, кетерсің судай сіңіп табиғатқа», – деп өзі айтпақшы, оның сұңқар үні табиғатқа сіңгенімен, өлеңдерінің шоқтығы биік әлі. Артына өлмес мұра қалдырған сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі Қасым Аманжоловтың туғанына биыл 100 жыл.

Көрнекті ақын Қасым Рахымжанұлы 1911 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат таныған. Жастайынан жетімдіктің кермек дәмін татып өседі. Ата-анадан жетім қалған Қасым Семейдегі балалар үйіне орналасып, сонда бастауыш сыныпта білім алады. 1930 жылы Семейдегі малдәрігерлік техникумын бітіріп, 1931 жылы Ленинградқа барып Орман шаруашылығы институтына оқуға түседі. Денсаулықтың жарамсыздығына байланысты ақын институтты толық аяқтамай, тастап кетеді. 19311941 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Екпінді құрылыс» газеттерінің редакциясында, Орал облысы театрында жұмыс істеген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен әскерге шақыртылып, 1946 жылға дейін майдан даласында болады. Ұлы Отан соғысы жылдары – Қасым ақындығының әбден қалыптасып, бір арнаға түскен тұсы.

Қалам мен қаруды қатар қолға алған ақынның майдандағы жауынгерлердің ерлігін суреттейтін «Байкал», «Оралым», «Үстімде сұр шинелім», «Сен фашиссің, мен қазақпын» атты өлеңдері мен «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмалары оқыған жанның көз алдына сол зұлматты жылдың бейнесін әкелетін құдіретімен айрықша. Ғ.Мүсірепов ақынның бұл туындыларын қазақ поэзиясындағы жаңа бетбұрыс деп бағалаған.

Ол тек ақын ғана емес, журналист те, композитор да, аудармашы да болды. Қазақ әдебиетінде аударма жанрының дамуына қосқан ақын үлесінің өзі бір әңгіме. Ол А.Пушкиннің «Полтавасын», М.Лермонтовтың «Маскарадын», А.Твардовскийдің «Василий Теркин», Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмалары мен Т.Шевченконың, В.Маяковскийдің өлеңдерін қазақша сөйлетті. Қазақ поэзиясында он буынды өлең түрін енгізіп, оны тұрақтандырды. Өзі жазған өлеңдеріне ән шығарып, арнайы білімі болмаса да бірнеше аспаптарда еркін ойнаған Қасым ақынның осыншалықты талантына қайран қалмасыңызға шара жоқ.

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды», – деп өз өмірін дастан еткен ақын не бары 44 жасында жасындай жарқ етіп, ағып түсті. Өзі өмірден өтсе де, атын өшірмейтіндей өлеңнен тәбәрік қалдырған ақынның келер ұрпаққа өлең арқылы берері мол. Өзі айтқандай, келер ұрпақ бақытты. Сол бақытты заманды қолына қалам мен қаруды қатар ұстап орнатқандардың қатарында өзі де болды. Сол үшін де Қасым ақынға қазақ поэзиясының құдіретін жете түсінетін қазақ жастарының ықыласы ерекше.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының мерейлі мерекесі тойланатын тұста өмірін өлеңмен жазып кеткен дарабоздың 100 жылдық мерейтойы да республикалық деңгейде аталып жатыр. Ақын тойы Қарағанды қаласында 8 күні, кеше бастауын алды. Бұл күні Қ.Аманжоловтың өлеңдеріне жазылған ән конкурсының іріктеу кезеңі, ақын жайлы көркемфильмнің тұсаукесері және көрсетілімі халыққа ұсынылса, Кеншілер мәдениет сарайында ақындар айтысы өтті.

Бүгін С.Сейфуллин мен Кривогуз көшелерінің қиылысында мүсінші Жеңіс Молдабаевтың қолымен сомдалған ақын ескерткішінің ашылуы болады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Қасым Аманжолов және жаңа дәуір поэзиясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция, «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» атты республикалық жыр мүшәйрасы мен тағы да көптеген іс-шаралар өтеді деп күтілуде.

Тойдың негізгі бөлігі 10 күні , яғни ертең, ақынның туған жері Қарқаралыда өтеді. Қарқаралыдағы Құнанбай қажының мешітінде мінәжат етіледі. Кент тауының баурайына тігілген 200-ге тарта киіз үйлерде байырғы қазақ даласының салтдәстүрі бір жаңғырмақ. Бұл дүбірлі тойға біздің қаланың да қосып отырған үлесі айрықша. 70-тен аса адам біздің қаладан ақынның мерейтойына атсалысып жатыр. Біздің қаладан 5 киіз үй тігілді. Бұл күні ақын рухына бағышталып ас беріледі. Ұлттық ойындарымызды, атап айтқанда, қазақша күрес, аламан бәйге, жорға жарыс, қыз қуу сынды жарыстарды тойға жиналған қауым қызықтайды деп күтілуде. Кешке Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен Гала концерт беріліп, дүбірлі той отшашумен аяқталады.

Екі күн Арқа төсін дүбірге бөлейтін ақын тойы жай ермек үшін тойланғалы жатқан жоқ, қазақ поэзиясының дара шыңына шыққан ұлы Абай, Мағжан, Ілияс, Сәкендердің ізін жалғап, нәзік те сыршыл өлеңдерімен халық жанында сақталған Қасым ақынның есімін келер ұрпаққа жеткізу үшін тойланып жатыр. Олай болса, ақынын ардақтаған ағайын, ақын тойы құтты болсын!

Дайындаған Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.