SMS арқылы тіркеді

Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап елімізде жаңа жоба жүзеге аса бастады. Енді әрбір қазақстандық баласының туу туралы куәлігін алу үшін өтінішті SMS-хабарлама арқылы бере алады. Осындай мүмкіндікті сәтбаевтық жас ана Анастасия Кулумбегова да пайдаланып, 29 қаңтар күні дүниеге келген қызын ұялы телефон арқылы тіркеді.

Тұрғындар арасында жаңа жобаны алғашқы болып қолданған Кулумбеговтер отбасын құттықтау үшін қалалық перзентханада салтанатты іс-шара өткізілді. Сәтбаев қаласы әкім аппаратының АХАТ бөлімінің басшысы Алмаш Әлімбаева жас отбасын қуанышты сәттерімен құттықтап, отағасы Сергей Кулумбеговке баланың туу туралы куәлігін тапсырды. Ал, жас анаға АХАТ бөлімінің қызметкерлері гүл шоқтары мен естелік сыйлық табыс етті.

– Енді жаңа туған нәрестені тіркеу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезек күтудің қажеті жоқ. Қызметтің бұл түрін биылдан бастап SMS-хабарлама арқылы орындауға болады. Жаңа босанған аналарға сол сәтте ұялы телефондарына құттықтау хабарламасы келіп, баласын тіркеуге ұсыныс жасалады. Одан әрі қажетті мағлұматтар сұратылған хабарламаларға жауап беру керек. Бұл жаңашылдық кішкентай баламен үйден шыға алмайтын аналар үшін өте қолайлы. Кейін куәлік дайын болғанда ата-анасы оны халыққа қызмет көрсету орталығынан алып кете алады немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға болады, – дейді АХАТ бөлімінің басшысы Алмаш Әлімбаева.

Расымен де, жаңа қызмет түрі адамдардың уақытын үнемдеп, қағазбастылықтан арылтып, жұмыстарын едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, қазіргі кезде балаға жәрдемақы тағайындау, балабақшаға кезекке қою секілді қызметтерді де телефон арқылы рәсімдеуге болады. Бұл – Елбасымыздың биылғы Жолдауында айтқан цифрландыруға жасалған тағы бір қадам.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.