Бала саулығы – басты байлық

Келешек жас ұрпақты жан-жақты дамыған, ой өрісі биік, сымбатты етіп тәрбиелеу мақсатында қаламыздағы №5 «Нұрбөбек» бөбекжай балабақшасында «Шеберлік» апталығы өтті.

Апталықтың негізгі мақсаты – бала денсаулығын сауықтыру-шынықтыру іс әрекеттері арқылы нығайту болса, екінші жағынан жас мамандарға үлгі көрсету, тәрбиешілер арасында тәжірибе бөлісу.
Апталық барысында бірқатар ашық қызмет ұйым­дастырылып, өткізілді. Соның бірі – ортаңғы «Б» Ботақан тобында тәрбиеші Балгүл Сайлауқызы көрсеткен ұйқыдан кейінгі шынықтыру -сауықтыру жаттығулары. Балаларды жайлы жүзбен, көтеріңкі көңілмен, әдемі музыка ырғағында оятқан тәрбиеші өз ұйқыдан ояту жаттығулары мен сауықтыру шараларын балаларға қызықты, тартымды етіп көрсете білді.
Сондай ақ, «Түрлі түсті әлемге саяхат» атты Денис Лоскутиннің бала иммунитетін көтеру, нығайту методикасы бойынша денешынықтыру нұсқаушысы Ләззат Төлеубайқызының ұйымдастырған ашық оқу қызметі жоғарғы деңгейде өтті. Нұсқаушы ұйымдастырып өткізген «Толқын», «Көңілсіз бауырсақ» және де балалардың көңіл-күйін көтерген жаңа түрлендірілген «Мысық пен тышқан» ойыны жоғарғы деңгейде жүргізіліп, балалар асқан қызығушылықпен белсене қатысты.
«Дене – жанның құралы, құралы мықты болса, иесі де мықты. Сау жан сау денеде ғана болады» деп кемеңгер қазақтың ақыны айтқандай, балабақша, мектептерде балалардың денсаулығын нығайту барысында осындай іс шаралар жиі ұйымдастырылса болашақ ұрпағымыздың дені сау, сымбатты да саналы болары анық.
К.Абубакирова.

Комментарии закрыты.