Шыншыл бол!

Шыншыл бол, шын сөйле! Шыншыл болу – адам баласы үшін аса қымбат, қадірлі қасиеттердің бірі. Шыншыл болу өтірік айтпауды, жалған сөйлемеуді білдіреді. Шыншылдық бар жерде тазалық бар, иман бар. Иман бар жерде берекет бар. Шыншыл болу – абыройлы болу. Мұндай қасиет бала кезден қалыптасады. Шыншылдық – рухани тазалықтың белгісі.

Осындай тәрбиелік мәні бар сөздерді ұрпақ бойына сіңіру мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралардың бірі – №19 жалпы орта білім беретін мектебінде ақпан айында «Шыншыл бол!» тақырыбында оқушылар арасында өткізілген бейнелеу өнері байқауы. Бұл байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың бойына шыншылдық, адамгершілік қасиеттерін ұялату. Бұл байқауға орта буындағы 5-6 сынып оқушылары белсене қатысты. Қазылар алқасы оқушылар шығармашылығын бағалай отырып, байқау қорытындысын шығарды. І орынды иеленген 5 «Б» сынып оқушысы Қашқынбаева Назерке болды. Ол өзінің салған суретінде өнегелі, өсиетті әңгімелерімен, ертегілерімен үнемі адамгершілікке, иманды­лыққа баулитын әжесінің бата беру сәтін жылы түстермен көрсете білді. ІІ орын 5 «Ә» сынып оқушысы Сәрсенбек Наргиз анасының мейірімді құшағында тұрған сәтін бейнелей білді. Ал ІІІ орын 5 «Ә» сынып оқушысы Естаева Гүлім шыншылдық символы ретінде оң қолдың ішіне табиғаттың гүлденген мезгілін ашық, қанық түстермен аша білген.
Бұл көрмеге қатысқан әр оқушының жалған сөйлемеу, шындықты жасырмау сияқты адами қасиеттердің бір ұшқынын ойларына тоқи білгені салған суреттерінен анық байқалды.
Өскелең ұрпақтың келешекте елеулі азамат болып өсуіне, өмірдің түрлі сынақтарынан жасымай төтеп беретін және рухани қасиеттерді бойына сіңіріп, адал, шыншыл, тура жолмен жүретін адам болып қалыптасуына ата-ана, мектеп және қоғамның қосар үлесі шексіз деп білемін. Осындай игілікті іс-шаралар жалғасын таба бермек.

Н.Райымбекова,
19 мектептің бейнелеу өнері пәні мұғалімі.

Комментарии закрыты.