«Айтарым бар…»

Мәдени және рухани мұрамызды жаңғырту, қазақ әдебиетін насихаттау, оқырмандарды кітап оқуға тарту мақсатында облыс бойынша «Бір аймақ – бір кітап» атты акция өтуде. Осыған орай, қала мектептері акцияға белсене қатысып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда.

Солардың бірі – №16 жалпы білім беретін орта мектепте өткізілген «Айтарым бар…» тақырыбындағы спектакль-композиция. Бұл шараны география пәнінің мұғалімі Роза Бекетаева мен бір кездері аталмыш мектепте оқыған, бүгінде Еуразия ұлттық университетінің студенті Айкүміс Қанат дайындады.

«Айтарым бар…» атты спектакль – Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссеры Фархат Молдағалидің туындысы. Оған Оралхан Бөкей, Ілияс Есенберлин, Әзілхан Нұршайықов сияқты ұлы жазушылардың шығармалары арқау болған. Сондай-ақ, қазіргі қоғамда орын алып отырған келеңсіздіктерге бей-жай қарамай, өз ойларымен, көзқарастарымен әлеуметтік желі арқылы бөлісетіндердің пікірлері де аталмыш спектакльде келтірілген.

Роза Бекетаева жетекшілік ететін 10«А» сынып оқушылары театрландырылған қойылым барысында әр түрлі рөлге еніп, өз кейіпкерлерінің жан күйзелісін, ішкі арпалысын, рухани өмірін көрермендерге жоғары шеберлікпен жеткізе білді. Сонымен қатар, композицияда бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне айналған – тастанды балалар, жетімдер үйі тақырыптары да көтерілді.
Іс-шараға қатысып отырған мектеп директоры Қайрат Смайлов, директордың орынбасары Қамар Жанасылова, ұстаздар мен оқушылар спектакль соңында алған әсерлерімен, көтерілген мәселелерге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Осындай мәдени шаралар тек рухани азық болмай, оқушылардың кітап оқуға ынтасын арттырып, ізденімпаздыққа баулитыны сөзсіз.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.