СТУДЕНТ ПІКІРІ ТЫҢДАЛДЫ

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы болып табылады. Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында  «Латын әліпбиі – әлемдік өркениетке бастар жол» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Аталмыш шараға «Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-нің тілдерді дамыту саласы бойынша бас маманы Мадинат Игенберлина және Сәтбаев қаласының Индустриалдық колледжінің студенттері қатысты.
Іс-шарада Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екендігін тілге тиек етті. М.Игенберлина тіл маманы ретінде осы латын қарпіне көшкенімізді қолдайтынын айтып, мәдениет бөлімінің атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып өтті.
Қазіргі заманда латын әліпбиінің қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор болып, үлкен беделге ие болып отыр. Дүние жүзінде ақпараттың басым бөлігі ағылшын тілінде таратылатыны белгілі, Қазақстан үшін латынға көшудің пайдасы өте көп.
Дөңгелек үстел барысында студенттер «Латын әліпбиі бізге не үшін қажет?», «Қазақ — латын әліпбиі» атты бейнесюжеттерден қазақ зиялыларының латын қарпіне көшу жөніндегі ой-пікірлерін тыңдай отырып, өз ойларын ортаға салды. Іс-шара соңында студенттер «Латын әліпбиі – ұлы дәуір бастауы» атты кітап көрмесімен танысты.

Ә.Шегебаева,
Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.

Комментарии закрыты.