Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Елбасы саясатының ең басты бағыттарының бірі – Рухани жаңғыру аясында әтбаев қаласындағы №27 жалпы орта білім беретін мектепте мұғалімдердің қатысуымен «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты семинар өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді мақсат етіп қойған болатын. Ал, Қазақстан халқына Жолдауында «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деп атап көрсеткен.
Семинар барысында жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін және бүкіл дүниежүзілік ақпарат пен озық технологияның, білім мен ғылымның кеңістігіне ену үшін аса қажет латын алфавитін үйрену, меңгеру және сол алфавитте жазуға көшуге қадам жасау заман талабынан туындап отырғаны туралы айтылды. Ең бастысы, бұл – ел болашағы үшін таза казақ әліпбиін калыптастыру бағытындағы игілікті қадам деп түсіну. Сондықтан, тіліміздегі қажетсіз дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің таза қалпын сақтауға мүмкіндік алатындығымыз туралы айтылды.
Қатысушы ұстаздар «Пікірлесу сәті» айдарында латын әліпбиіне көшуде өз ойларын ортаға салып, бұл жобаны іске асыруда көптеген қиындықтар кездесетінін, бірақ, техника қарыштаған заманда бұрынғыдан оңайырақ болатынын айтып, латын әліпбиіне көшу ұлт болашағының маңызды құралы екендігімен бөлісіп, латын әліпбиіне көшу идеясын бірауыздан қолдады.
Семинар соңында қатысушылар қазақ әліпбиінің қазіргі бекітілген нұсқасын басшылыққа алып, латын тілінде «Өмір ағашына» болашақтағы латын әліпбиінің келбетін безендіріп, сәттілік тіледі.

Б.Кожабаева,
бастауыш сынып мұғалімі.

Комментарии закрыты.