«Ғасырдың өлім дерті – нашақорлық»

Осындай атаумен қаламыздағы №16 орта мектепте жоғары сынып оқушыларының қатысуымен тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелде оқушылар ғасыр дерті – нашақорлық турасында мәліметтерімен бөлісіп, оның теріс әсерлерін әңгімеледі.

Жиынның негізгі мақсаты оқушыларды жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу болды. Білім ордасының 10 сынып оқушылары бас қосқан ортақ пікір алаңына ұстаздар, дәрігерлер мен полиция қызметкерлері шақырылды.
Жиын барысында қатысушылар нашақорлық туралы кеңірек тоқталып, оның пайда болуы және ағзаға тигізер кері әсері төңірегінде ой тастады. Кезек-кезегімен ой өрбіткен оқушылардың әр сөзін жете тыңдаған көрермендер тарапынан да сан сауалдар қойылды. Оларға Жезқазған қаласынан арнайы келген қалалық ІІБ есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшесінің полиция капитаны толыққанды жауап берді.

– Әрбіріңнің айтқан пікірлерің өте орынды. Оны дұрыс емес деп айту қисынға келмес. Сондықтан, ұйымдастырушылар тарапына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Себебі, бұл – қоғамды ішінен ірітіп тұрған індеттің бірі. Сондықтан, сіз-біз десіп бұл залалдың алдын алуға тырысуымыз керек. Алдағы уақытта жергілікті білім бөліміне ұсыныс тастап, сіздермен бірге басқа мектептерге де осындай үгіт-насихат жұмыстарын жүргізсек құба-құп, – деді Алмат Мұхамеджанов.

Кәсіби маман оқушыларға есірткі тасушыдан бөлек, оны тұтынған тұлғаның да заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын жеткізді. Бүгінгі таңда бұл әдетке жастардың көптеп еліктеп бара жатқанын алға тартқан полиция қызметкері қатысушылардың әрбіріне зиянды әдеттерден аулақ жүруге және маңайындағы адамдарға да ескертіп жүруді тапсырды.

Оқушылардың дөңгелек үстел форматында пікір алмасуын ұйымдастырған сынып жетекшісі Роза Бекетаева жастардың пікіріне құлақ асудың пайдасы зор дейді. Себебі, жаман әдеттерге әуестеніп жүрген жасөспірімді қатарластары ғана байқап, ешкімге сыр білдірмеуі мүмкін. Сондықтан, ортақ талқыға салынған мәселені осылайша оңтайлы шешу жолдары қарастырылмақ.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.