Ерліктері көпке үлгі

Жыл сайын 15 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күн ретінде аталып өтеді. Айтулы дата қарсаңында Ауған соғысы ардагерлерін ұлықтау, сұрапыл соғыс кезіндегі ерлік һәм батырлық турасындағы естеліктерді тыңдау мақсатында кездесулер ұйымдастыру әдетке айналған. Сондай жиындардың бірі қаламыздағы «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Технологиялық колледжде өтті.

«Ауғанстан – жүректегі жара» атты ашық тәрбие сабағына аталған колледждің студенттері мен олардың ұстаздары қатысты. Ерлік сабағын ұйымдастыруды аталған білім ордасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алма Аубаева қолға алған.
– Ауған соғысы табаны күректей 10 жылға созылса да, қантөгістің өршу себебін, отандастарымыздың ерлігін жас ұрпақ біле бермейді. Насихат жоқтың қасы. Сол себептерді негізге ала отырып, бүгінгі шара жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ерлікке баулу, қаламызда тұрып жатқан ардагерлерге құрмет көрсету, бейбітшіліктің қадірін түсіндіру мақсаттарына орайластырылды. Жастар ерліктің үлгісі болған қаһармандарын білуге тиіс, – дейді колледж ұстазы.
Тәрбие сағатына соғысқа қатысқан кешегі жауынгер-интернационалистер, бүгінгі омырауы орденге толы ардагерлер шақырылды. Ертай Джанкелдиев, Андрей Островский, Аманай Шахтаев жастарға ескі күннен естеліктер айтып, көзсіз ерлікті баяндады.
Жиын барысында майдан даласында бақилық болған боздақтардың құрметіне үнсіздік жарияланды. Студенттер бүгінгінің батырларына арнау өлеңдер оқып, сахналық көріністер қойды. Өз кезегінде Ауған ардагерлері жалынды жастарға рахметін жаудырып, бейбіт өмірдің бағасын білуге шақырды.
Ашық сабақ соңында құрметті қонақтарға сый-сияпат табысталды. Кездесуден соң, барлық қатысушылар естелік суретке түсіп тарқасты.

Н.ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.