Аяулым – Арқа аруы

Таяуда қаламыздың өнерлі қызы облыстық «Арқа аруы-2018» сұлулық байқауында топ жарып, Бас жүлдені иеленіп келген болатын. Жаңаарқа ауданында екінші мәрте жалғасын тапқан бұрымдылар бәсекесінде Аяулым Қайырбек он бес арудың арасында суырылып шығып, үздік атанды.

Ажарына ақылы келіскен бойжеткендерді сайдың тасындай іріктеген сайысқа қаламыздың намысын қорғап барған Аяулым – Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің 10 сыныбының оқушысы. Жастайынан әуезді әнге, сиқырлы сәнге қызыққан өнерлі өрен бүгінде қаланың қоғамдық-мәдени шараларынан тыс қалған емес. Мәдени-сауық орталығына қарасты «Сазды әуен» бірлестігінің мүшесі болашақта қазақ өнер әлемінің маңдайалды жұлдызы болуды армандайды.

– Өнердің киелі екендігін ұғынуға тырысып-ақ жүрмін. Осындай белестен көрінуім бойдағы дарын мен жетекшілер берген тәрбиенің арқасы деп ойлаймын. Жеңіске жету жолында өз туған қаламның беделін арттырғанымды мақтан етемін. Болашақта өзімді қазақ эстрадасынан көргім келеді, – дейді Аяулым Қайырбек.

Аяулым қатысқан байқауға дарынымен дараланып, сәнімен сүйсіндірген барлығы 15 қатысушы іріктелген екен. Шараның негізгі мақсаты бойжеткен қыздардың инабаттылық, ибалылық болмысын таныту болған. Бірінші айналымда қыздар ұлттық нақыштағы киімдерін көпшілік назарына ұсынса, екінші кезеңде қазылар алқасын сан алуан өнерлерімен тәнті етуге талпынған. Бұдан бөлек, заманауи стильдегі сән үлгісімен бауратып жатса, ақтық мәреде қатысушылардың қарым-қабілетін байқау үшін салт-дәстүрге қатысты сауалдарға мүдірмей жауап беруі сынға алынған. Жерлесіміз намысын қолдан бермей, қатысушылардан қалыс қалмады. Нәтижесінде, бағы мен бабы келіскен бойжеткен байқаудың Бас жүлдесін қанжығасына бөктеріп келді.

– Сұлулық байқауы бұл тек сәнді киім киіп, қызға тән қылық көрсету ғана емес, мұнда басқа қырыңнан өзіңді таныта білуің қажет. Кешегі ұлттың айнасы бола білген аналарымыздай болу, қысқасы, сыртқы сұлулық пен ішкі үйлесімділік сәйкес боп жатса құба-құп. Аяулым қарындасымыз отбасындағы үлгілі тәрбиенің арқасында осындай жетістікке жетіп отыр. Оның әнге деген икемі мен талпынысы тау қопарарлықтай. Өнерлі өрендеріміздің танылуына жағдай жасап отырған азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді мәдени-сауық орталығының мәдени саласы бойынша директорының орынбасары Аманкелді Бейсенбеков.

Ұстаздары мен жетекшілеріне алғысын жаудырған Аяулым мұнымен тоқтамақ емес. Арқа аруы болашақта қаламыздың беделін арттыра беретіндігіне бек сенімді. Өйткені, оның ән әлемінде қалықтаймын деген аласармайтын арманы тұр. Жерлесіміздің жігеріне жігер қосып, тауың шағылмасын, тауаның қайтпасын дейік, ендеше!

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.