Сынама белгісіз өнім – заңсыз

«Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты республикамыздың аумағында зергерлік және басқа да бұйымдарды өндіру субъектісі барлық меншікті зергерлік және басқа да бұйымдарға қоятын сынамалау таңбасынсыз, сондай-ақ, атаулы таңба бедерінсіз зергерлік және басқа да бұйымдарды өткізуге жол берілмейді.

Осы Заңның негізінде Қазақстанда Асыл тастарға, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарға сараптама жүргізу қағидалары әзірленді және бекітілді.
Міндетті тәртіпте сараптаманы жүргізу:
1) Еуразиялық экономикалық комиссия шешімімен белгіленген жағдайларды есептемегенде, кедендік декларациялау және кедендік тазартумен байланысты кедендік операцияларды жүргізгенге дейін, асыл тастарды, зергерлік және басқа бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;
2) асыл тастарды, зергерлік және басқа бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкету;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындағанды қоспағанда, зергерлік және басқа бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағында өткізу және (немесе) өндіру жағдайларында жүгіну көзделген.
Сондай-ақ, Қағидаға сәйкес бағалы емес металдардан ажырайтын және (немесе) бөлінетін бөліктері бағалы металдар немесе бағалы емес металдардан тұратын бөліктері бағалы металдардың үйлесімдігін білдіретін зергерлік және басқа да бұйымдар таңбалауға жатады.
Зергерлік және басқа да бұйымдар уәкілетті ұйымдардың аумақтық бөлімшелерінің кодтары бар «Барыс басының» нысанын, «КZ» Қазақстанның халықаралық аббревиатурасын бейнелей отырып, Қазақстан Республикасының бірегей сынама таңбасымен таңбаланады, олардың бедерлемелері уәкілетті органдарға беріледі.
Таңбалауға жататын бағалы металдардан жасалған бұйымдар үшін бейнеленген сынамалардың мынадай ең кіші мәндері белгіленеді:
платина қорытпалары үшін – 850;
алтын қорытпалары үшін – 375;
палладий қорытпалары үшін – 500;
күміс қорытпалары үшін – 750.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 190-1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды өндіру субъектісі өздері өндірген бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарға қоятын сынамалау таңбасынсыз, сондай-ақ атаулы таңба бедерінсіз бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды өткізу түрінде жасалған бұзушылығы үшін жеке тұлғаларға – елу, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – сексен, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу жауапкершілігі көзделген.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған бұзушылық үшін жеке тұлғаларға – сексен, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу жауапкершілігі көзделген.

Б.Қасымов,
техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы.

Комментарии закрыты.