Латынға көшу – заман талабы

Сәтбаев қаласындағы №27 жалпы орта білім беретін мектепте мұғалімдердің қатысуымен «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында семинар өтті.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді мақсат етіп қойған болатын. Ал, Қазақстан халқына Жолдауында «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деп атап көрсеткен.
Семинар барысында жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін және бүкіл дүниежүзілік ақпарат пен озық технологияның, білім мен ғылымның кеңістігіне енуі үшін аса қажет латын алфавитін үйренуге, меңгеруге және сол алфавитте жазуға көшуге қадам жасау заман талабынан туындап отырғаны туралы айтылды. Ең бастысы бұл ел болашағы үшін таза казақ әліпбиін калыптастыру бағытындағы игілікті қадам деп түсіну керек. Тліміздегі қажетсіз дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Қатысушы ұстаздар «Пікірлесу сәті» айдарында латын әліпбиіне көшуде өз пікірлерін ортаға салып, бұл жобаны іске асыруда көптеген қиындықтар кездесетінін, бірақ, техника қарыштаған заманда бұрынғыдан оңайырақ болатындығын айтты. Латын әліпбиіне көшу ұлт болашағының маңызды құралы екендігі туралы өз ойларымен бөлісіп, латын әліпбиіне көшу идеясын бірауыздан қолдады.
Семинар соңында қазақ әліпбиінің қазіргі бекітілген нұсқасын басшылыққа алып, латын тілінде «Өмір ағашына» болашақтағы латын әліпбиінің келбетін безендіріп, сәттілік тіледі.
Б.Кожабаева,
№27 мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

Комментарии закрыты.