Заң жобасын талқылады

Былтырғы жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Аталмыш Заңды талқылау мақсатында Сәтбаев қаласының Әділет басқармасында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Басқарма басшысы Кусаин Агибаевтың төрағалық етуімен өткен кездесуге сот актілерін орындау бойынша аумақтық бөлімнің басшысы, аға сот орындаушы Елена Малютина, ІІБ тергеу бөлімі басшысының орынбасары Дамир Сейдалин, адвокаттар мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Басқарма басшысы жиналғандарды алдымен іс-шараның мақсатымен таныстырып, талқыланатын заң жобасында қылмыстық-процестік кодекске қатысты енгізілген түзетулер жайында айтты.
Жалпы бұл Заң Қылмыстық-процестік кодекске, «Жедел-iздестiру қызметi туралы» және «Прокуратура туралы» заңдарға түзетулерді көздейді. Атап айтсақ, қылмыстық процесте азаматтардың құқық­тарының қорғалуын күшейтуге және қылмыстық процестің қайталануын азайтуға; қылмыс­тық процесте, оның ішінде адвокаттардың құқық­та­рын кеңейту есебінен жа­рыс­палылықты арттыруға; сот­қа дейінгі сатыда соттың бақы­лауын кеңейтуге; процестік өкілет­тіктерді нақты бөлуге; қылмыстық процесті жеңілдетуге және үнемділікпен жүргізуге бағыт­талған.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар тақырыпқа қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісіп, толғандырған сұрақтарына жауап алды. Қорытындысында құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша заң жобасына байланысты жиында айтылған ұсыныстар мен ескертулерді аталмыш Заңға жіберу туралы шешім қабылданды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.