Құқықтық білімді тереңдету мақсатында

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау – бүгінгі маңызды мәселелердің қатарында саналады. Себебі, шағын және орта бизнестің дамуы, олардың нәтижелі жұмысы қаламыздың ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен әсерін тигізетіні анық. Сондықтанда Елбасы Н.Назарбаев кәсіпкерлікті дамытуға және қорғауға ерекше мән беріп, мемлекеттік басымдылықтардың қатарына қойып отыр.

Осы мақсатта Сәтбаев қаласы прокуратурасында бірқатар жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның бірі – шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел.

Дөңгелек үстелдің жұмысына Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары М.Мәдиева, қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелері қаралған жиынға қала прокурорының көмекшісі Қ.Қисап төрағалық етті. Отырыстың көздеген мақсаты – шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді анықтау, олардың жұмысына мемлекеттік бақылаушы және құқық қорғау органдарының негізсіз араласуына жол бермеу және жеке кәсіпкерлерге құқықтық кеңес беру болды.

Шараны жүргізуші Қ.Қисап прокуратура тарапынан тексерістердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған «Бизнес тірегі» жобасымен таныстырды.

Аталған жобаның маңызды қызметінің бірі – кәсіпкерлердің тексерушілердің жұмысы барысындағы құқық бұзушылықтары туралы хабарлауына мүмкіндігінің болуы. Тексерушілер өз өкілеттігі шеңберінен тыс әрекеттерге баратын болса, кәсіпкердің бұл жайында құзіретті орындарға хабарлауына мүмкіндігі бар. Интернет желісі арқылы кәсіпкер сайтқа кіріп, тексеріс тіркеулерінің растығын анықтап, тексеруші мекеме туралы қажетті мәліметтерді де ала алады.

Осы орайда Сәтбаев қаласы прокуратурасы жанынан құрылған жедел топтың құрылғанын және оның заңбұзушылықтардың өсіп кетпеуінің алдын алып, кәсіпкерлердің ешбір кедергісіз жұмыс істеуіне ықпал жасайтындығы айтылды.

Кәсіпкерлер құқығы бұзылған жағдайда немесе олардың қызметіне мемлекеттік органдар тарапынан заңсыз араласу деректері туындаған жағдайда 3-47-15 немесе 3-45-55 сенім телефондары арқылы хабарласу керектігі түсіндірілді. Қаланың орталық алаңында орнатылған көрсеткіш баннер де кәсіпкерлерді қорғауға, яғни қызметтерін атқару барысында кездесетін әкімшілік кедергілерді азайту және олардың еркін дамуына қолдау көрсетуге бағытталған.

Дөңгелек үстел басындағы әңгімені қорыта келе Қ.Қисап кәсіпкерлерге олардың құқықтарын қорғау заңнамаларының нормаларын түсіндірді.

Шағын және орта бизнес өкілдері қалалық қадағалаушы құқық органына осындай шараларды ұйымдастырғаны үшін рахметін айтып, өзара іскерлік қарым-қатынастың жалғаса беретініне сенімдерін білдірді.

Жоғарыда айтып кеткендей, негізсіз тексерістердің салдарынан туындайтын көптеген құқықбұзушылықтар қаламыздың ғана емес мемлекетіміздің дамуына кедергі болары сөзсіз.

М.ЖАППАСБАЕВА, қала прокуроры жанынан құрылған жедел топ мүшесі.

Комментарии закрыты.