Асқар Ыдырысов, Сәтбаев қаласының әкімі:

Тоғызыншы бағыт «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі»

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында да осы жемқорлықпен күреске арнайы бөлім арнап, жоспарлы жұмыстардың жүргізіле беретінін, азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстары жалғастырыла беретіндігін де баса атап өтті. Президент жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикамен күрес, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы 2015-2025 стратегиялық жоспар аясында облыстың үкіміне сәйкес жоспар бойынша қаламызда да біраз жұмыстар атқарылды.
Нөпір халықты үкіметпен байланыстырып көпір бола білген «Нұр Отан» партиясында өткен жылдың өзінде-ақ 159 жеке кездесу өтті. Мемлекеттік мекемелердің басшылары кездесу аясында қала тұрғындарының көкейінде жүрген өзекті сұрақтарға жауап беріп, маңызды мәселелерді бірге шешуге тырысты. Бұл бастама бірізділіктен арылтып, әрбір мекеменің ашық екенін тағы бір мәрте көрсетті. Техниканың дамып, ақпарат алға шыққан заманда халықты ақпараттандырып отыру маңызды. Осы орайда жергілікті «Шарайна» газетінде «Қала өмірі.Адам.Қоғам.Заң» айдары жарық көрген болатын. Жемқорлыққа қарсы ақпараттар, сот, прокуратура қызметкерлерінің мақалалары, атқарылған шаралардың барлығы толық осы айдарда жарық көріп отырды. Сыбайлас жемқорлықтың зардаптары, алдын алу бойынша газетте 33 мақала жарық көріп, «СТА» телеарнасында 36 бейнесюжет көрсетілді. Сондай ақ барлық мекемелерді қоса алғанда 32 дәріс оқылып, 2 жиналыс, 12 дөңгелек үстел, 14 семинар, 19 кездесу, 2 сурет байқауы, 1 кітап көрмесі, 1 тәрбие сағаты және 1 жемқорлық тақырыбында мемлекеттік қызметкерлер және педагогика саласының мамандары қатысқан ойын өткізілді.
Қаладағы сыбайлас жемқорлық ахуалын бақылап, атқарылған жұмыстарды талдап, сараптайтын, жоспар бойынша жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етіп, өзекті тақырыптарды көтеріп отыратын комиссия өз жұмысын 2008 жылдың сәуір айынан бастап жалғастырып келеді. Және де өткен жылдан бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасы А.Ж.Шпекбаевтың тапсырмасына сәйкес 2017 жылдың қазанында Қарағанды облысының барлық қала және аудандарында «Парасыз болашаққа. Бірге!» ұранымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтары құрылған болатын. Бүгінгі таңда мобильді топ құрамына кіретін ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері 14 кездесу өткізіп, 27 көшені арнайы безендірілген автокөлікпен аралап отыр. Жемқорлықтың алдын алу, түсіндіру, зияны мен зардабы туралы ақпарат беру мобильді топтың басты жұмысы болып қала бермек. Мобильді топтың жұмысы осы жылдың соңына дейін жалғасын табатын болады. Қала тұрғындарынан әр кездесу сайын арнайы сауалнама алынып отырады. Қалаға көрік беріп тұрған жарнамалық орындарда да арнайы баннерлер ілініп, қала халқын ақпараттандыру тұрақты жүргізілуде.
Әрине, жемқорлық диагнозын қойып, дәрісін беріп емдеп алатын дерт емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, жеке кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке көп болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Комментарии закрыты.