Ауылмен біте қайнасып кетті

Ауылдың бастан асар тұрмыстық мәселерімен қоса, әлеуметтік саладағы мәселелері де жеткілікті. Солардың бірі – ауылда жастарды тұрақтандыру, жоғары білімі бар жас мамандарды тарту. Осы соңғы мәселені шешу үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен республиканың түкпір-түкпірінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Осы бағдарламаның қала маңында орналасқан Сәтбаев селосына тигізген пайдасы болып отыр ма? Сол жайында біз селолық №17 негізгі мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Бейсенкүл Қожабаевадан сұраған едік:

– 2009-2010 оқу жылдарында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында мектебімізге дәріс беруге 3 маман келді. Солардың екеуі бізде тұрақтап қалды. Ал, бір жас маман ауыл қиыншылығын көтере алмады ма, әлде тәжірибесі жоқтығы әсер етті ме, кетіп қалды.

Ауылымызға сіңісіп кеткен Лейла Момышева мектепте орыс тілі мен ағылшыннан, Жазира Балапанова математикадан сабақ беріп жүр. Оларға ауыл мұғалімдерінің күшімен жөнделген 3 бөлмелі және 2 бөлмелі пәтер беріліп, отын-сумен қамтамасыз етілді.

2010-2011 оқу жылдарында селомызға аталған бағдарлама бойынша Айгерім Нысанбаева келді. Қазір Айгерім мектептегі шағын орталықта тәрбиеші қызметін атқарып жүр.

Қазіргі кезде мектебімізде 1-9 сынып аралығында 27 бала дәріс алып отыр. Жаңа заманның білім саласына қойып отырған талабына сәйкес, мектепке әлеуметтік педагог, психолог мамандары қажет.

Елімізде іске асырылып жатқан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында сондай мамандар келеді деген үміттеміз.

Жазып алған Мәди ӘЛЖАППАРОВ.

Комментарии закрыты.