– Сүйген істің сүйініші көп, – дейді аспаз апа

«Еңбек бәрін де жеңбек», – деген аталы сөз бар ел ішінде. Басынан небір ауыр кезеңдер өтсе де ол ешқашан қиындық атаулыға мойынсұнған емес. Соның бәрін өзінің ақ адал еңбегінің арқасы деп біледі.

– … Мен кішкене кезімнен аспаз боламын деп ойлаған жоқпын. Бірақ, уақыт өте мен өзімнің тамақ дайындау, жалпы аспаз болудың қыр-сырын үйреніп, меңгеріп кете алатынымды анық сезіндім. 20 жылдық тәжірибем осы аспаздық саласын жетік біліп, түрлі жерлерде өнімді еңбек еткендігімнен хабар береді. Бастысы, өзіңнің қолыңнан келсе және соған аңсарың ауса ғана жемісті еңбек етуге болады, – дейді Маржан Шолпонқызы.

Маржан Әбілтаева – қаламыздағы асханалардың бірінде аспаз болып еңбек етеді. Оның міндеті – дәмі тіл үйірер ас дайындап, келетін қонақтардың көңілінен шығу. Асты қапелімде дайындап қана қоймай, оған ерекше назар аударып, бар ынтасымен пісіруі тиіс. Міне, осы аспаздықтағы темірдей талаптардың үдесінен Маржан Әбілтаева сынды бармағынан бал тамған маман ғана шыға біледі.

– Әрбір дайындалатын асқа ерекше көңіл бөлу керек. Асқан мұқияттылық та мұнда қажет. Қонақ келді деп байбалам салып асығыстыққа жол беруге әсте болмайды. Сондықтан, өзіме жүктелген міндеттерді толық бағамдап алғаннан кейін ғана іске кірісемін. Жалпы кез келген жұмысқа немқұрайлықпен қарау табиғатыма жат дүние. Бар ғұмырым осы салада өткендіктен, сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді, – дейді маман.

Маржан Шолпонқызы – Жамбыл облысы, Шу ауданының тумасы. Орта мектепті тәмамдаған соң, еңбек жолын ол аталған аудандағы қоғамдық тамақтану орнында ыдыс-аяқ жуушы болып бастайды. Кейіннен Алматы қаласына қоныс аударып, сонда біраз тұрақтаған. Кулинарияға қызыққан жас аспаз мамандығын Ресейдің Ростов қаласында алып, оны үздік аяқтап шыққан. Біліктілігі мен бейімділігін арттырған маман Маңғыстау облысына қарасты Форт-Шевченко қаласында еңбегін жалғастырады. Содан бері өзі таңдаған мамандықтың бүге-шігесіне дейін меңгерген бесаспап маман ретінде бүгінгі жұмыс орнында үлкен абыройға ие.

– Осы уақытқа дейін еңбек еткен кездеріме көз жүгіртіп қарасам, біраз салада жұмыс жасап көрген екенмін. Әр түрлі жұмыс атқарғаныммен, аңсарым асүйге қарай ауады да тұрады.Кезінде жеке мейрамхана бизнесімен де айналысып көрудің сәті түсті. Осының алдында теңіз жағалауындағы кемеде аспаз болдым. Қысқы мезгілге байланысты ол уақытша тоқтатылды. Жақын туыстарым осында тұратындықтан, сіздің қалада да еңбек етуге мүмкіндік туды. Жалпы, қай жерде жұмыс жасасам да жағдайым жаман болған жоқ. Бәрі осы адал еңбектің арқасы. Аллаға шүкір, тапқан табысым жеткілікті, – дейді ол.

Маржан Әбілтаева жастайынан 4 баламен жесір қалса да, тағдырдың қаталдығына мойымаған жан. Оларды ел қатарына қосуды армандаған ана қыздарын құтты орнына қондыра білген бақытты әже. Бүгінде балалары Алматы облысының Қапшағай қаласында тұрады.

– «Қанағат – қарын тойғызады, қанағатсыздық – жалғыз атын сойғызады», – дегенді біздің қазақ тегінен айта салған жоқ. Не нәрсеге де төзім, қанағатшылық керек. Сонда ғана бастаған ісіңнен нәтиже шығады. Алла өзінің берер ризығын тауыспасын, – деп сөзін аяқтады еңбекқор аспаз.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.