Мухайё АЛИЕВА: Қазақша сөйлегеніме таңданыспен қарайтындар көп

Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін тар жол тайғақта құшағына алды, бауырына басты. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты сүйсінтіп келеді. Тіпті, елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін басқа ұлт өкілдерінің де саны артқаны көңіл семіртеді. Бұл – түрі басқа болса да, тілегі бір отандастардың қазақ халқына деген, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді де құрметтейді. Сондықтан, өз тілін өгейсітіп жүрген қаракөздерімізге үлгі болсын деген ниетпен оқырмандарды қазақ тілін жетік білетін, ұлттық болмысымызды бағалайтын өзге ұлт өкілімен таныстыруды жөн көрдік.

Ұлты өзбек болса да, тіні қазақ өзге ұлт өкілінің бірі – Мухайё Алимова. Ол 1994 жылы Тәжікстан Республикасының Қорғантөбе облысында дүниеге келген. Бүгінде қалалық аурухананың реанимация бөлімінде аға медбике болып қызмет атқарады. Қазақы болмысына қарап, оны білетіндер өзге ұлттың қызы екендігін анық аңғара бермейді. Ол қазақ тілінде мақалдатып сөйлегенде, талай қазақты шаң қаптырады.

Мухайё 3 жасында отбасымен кеншілер қаласына көшіп келген. Весовая елді-мекеніндегі №12 орта мектебінің 9 сыныбын тәмамдаған соң Жезқазған медициналық колледжіне медбикелік іс мамандығына түсіп, оны 2014 жылы ойдағыдай аяқтап шығады. Сол жылы қалалық ауруханаға жұмысқа орналасқан ол, жігері мен білімі арқасында аға медбикелік қызметке дейін көтерілді. Бүгінде қарамағындағы әріптестеріне үлгі көрсетіп, еңбегін еселей түсуде.
Маман елімізге қоныстанғалы бері мұндағы бірнеше қолданыстағы тілдерді жете меңгеріп шыққан. Туған тілінен бөлек, орыс тілінде еркін сөйлейді. Қазақ тілін жетік түсініп, дос-жарандары мен әріптестерімен әңгімелескенде де алдына жан салмайды. Қақпақылға салып, құбылта сөйлейді. Бұл осында көрсетілген ілтипатты терең түсінгеннен болар дейді медбике.

– Мухайё, өзің тұрып жатқан елдің тілінде сөйлеп, жаза алу саған қандай мүмкіншіліктер берді?

– Ең алдымен, кемсітуден ада, өзге ұлтты жат көрмей, бауырға басқан елде тұрып жатқаныма еш өкінбеймін. Мектепте, колледжде білім алғанда ешкім бетімнен қақпады, кеудемнен итермеді. Мен ең алдымен қазақ тілін белгілі бір мансапқа не жетістікке жету тілі деп қарамаймын. Қазақ тілін Қазақстанның әрбір азаматы білуі тиіс деп ойлаймын. Себебі, бір отанды мекен еткен біздердің түп тарихымыз бөлек болса да, болашаққа деген арман-мақсаттарымыз, келешектен күтеріміз бір. Біз баршамыз бейбіт елде берекелі күн кешуді қалаймыз. Ал біздің жалпымыздың тілегімізді бір тіл ғана біріктіре алады. Ол – қазақ халқының төл таңбасы, қазақ тілі болуы тиіс. Сондықтан, мен Қазақстанда тұратын қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таңданыспен қараудың қажеті жоқ дер едім. Біз кім болсақ та, бізді ұйыстырған, ата-бабамызды қилы кезеңдерде қолдаған ұлттың ана тіліне құрметпен қарап, білуіміз міндетіміз деп санаймын.

Түйін. Жас маманның мықты дәрігер, атап айтқанда невропатолог болу мақсаты айқын. Қазір адам жанының арашашысы бола жүріп, күрделі мамандықты игеру үшін тәжірибе жинақтауда. Қазақстанның мемлекеттік тілін білу өзінің де азаматтық борышы екенін түйсінетін өзге ұлт өкілінің таудай талабына сүйсінбеске қайран жоқ.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.