Табиғаттың тамаша сәттері үш тілде бейнеленді

Өткен аптада қаламыздағы №16 орта мектептің қабырғасында «Табиғаттың ғажап сәттері-ай!» атты көркем әдеби фольклорлық фестиваль-сайысы ұйымдастырылды. Онда 4 сынып оқушылары жыл мезгілдерін таныстыру бойынша сахналық қойылым көрсетіп, түрлі сайыстар арқылы өзара бақ сынасты.

Аталған шара «Балаға мейірімді мектеп» инновациялық жобасы шеңберінде өткізілді. Негізгі міндеті – оқушыларға сыныптан тыс жұмыстар арқылы рухани, мәдени, эстетикалық тәрбие беру. Бұл жайында іс-шараның модераторы ретінде көрінген Нәсіп Исатаева оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру үшін өздерін таныта алатындай қолайлы жағдай туғызу керек дейді.

– Шығармашылық бастамаларда оқушылардың тікелей қатысуын қадағалау керек. Бүгінгі шара да осы мақсатты негізге алып өткізіліп отыр. Яғни, әдеби-фольклорлық мүмкіншіліктер арқылы үштілділікті дамытуға баса назар аударылды. Оқушылардың қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгере отырып, ойларын анық айта алатын орта қалыптастыруды іске асыру қолға алынған еді, – дейді ұстаз.

Сайыс барысында жыл мезгілдерін бейнелеуден топтық сахналық қойылымдар көрсетілді. Мақал-мәтелдерді айту бойынша капитандар жарысты, ал балалар фольклоры, қылқалам шеберлерінің байқауларында автор қиялының ұшқырлығы, сөйлеу мәнері, тақырыпқа сәйкестігі сараланды. Жанкүйерлер қосынына да жұмбақ жасырылды.
Байқау соңында үздік өнер көрсеткен қатысушыларға Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.