«Достар дауысы» жаңа есімдерді анықтады

Өткен аптаның сенбісінде Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Достар дауысы» ашық вокал байқауы үшінші рет жалауын көтерді. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткен биылғы дода елордамыз – Астананың 20 жылдығы мен кеншілер қаласы – Сәтбаевтың 45 жылдық мерейтойларына арналды.

Байқау 2 турдан тұрды. Осы екі кезеңде де үздіктердің үздігі болып танылаған әнші әуелі Жезқазған қаласында өтетін «Жас қанат-2018» байқауына қатысып, одан бағы жанса облыстық байқауға жолдама алатын болады.
Қалалық байқаудың шымылдығын «Достар дауысы – 2016» байқауының Бас жүлде иегері, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері – Нұрахмет Қаршығанов әуезді әнмен ашып берді.
Байқауға он бір үміткер қатысты. Олардың қатарында «Қазақмыс» корпорациясың кеніштері мен кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген жастар мен шоу-бизнестің төңірегенде тер төгіп жүрген өнерпаздар да болды. Үміткерлердің өнерін мәдениет және музыка тану саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады.

Әңгімеміздің басында айтып өткеніміздей, байқау екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде үміткерлер «Шымылдық сыртында» еркін тақырыпта ән салып, қазылар алқасы олардың дауыстарын бағалады. Бұл турда тұғырдан тайған ешкім болмай, он бір өнерпаз екінші бөлімге өтті.

Байқаудың екінші бөлімінде өнерпаздар туған жер, Отан, ел туралы патриоттық әндер шырқаулары қажет еді. Әр әнші осы тақырыпты өз шамаларынша ашуға тырысып бақты. Намысты қолдан бермеуге тырысты. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, олар да шамалары келгенше шырқап бақты…

Байқау мәресіне жетті. Үздіктерді анықтау қазылар алқасына қиынға соқты дей алмаймыз. Шын мықтыларының бәсі былай да байқалып тұрды. Қорытындысында Сұлтан Байназаров пен Дельшат Альменов үшінші орынды өзара бөлісті, Мөлдір Ерденова екінші орынды місе тұтса. 1 орын Әсет Жабаевқа бұйырды. Ал, байқаудың Бас жүлдесін «Шарайна» газетінің тілшісі – Нұрлат Қонысбай қанжығасына байлады. Осылайша, «Достар дауысы» байқауы жаңа есімдерді анықтады. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Орайы келгенде айта кетейік, байқауға «Бизнесті дамыту орталығы» ЖК (Әлия Нұртазағанова), «Бейсенбеков» ЖК (Амангелді Бейсенбеков), «Асаба» рестораны және «Маржан» кафесі (Меруерт Бахбергенова), «Бегайдаров» ЖК (Қуаныш Бегайдаров) демеушілік жасап, қолдау көрсетті.

Аманкелді Ақшал.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.