Ғылым мен техника тілі

Өткен жылдың соңын ала Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай әр өңірлерде ақпараттық-насихат топтары қарқынды жұмыс жүргізуде. Таяуда сондай кездесулердің бірі қаламыздағы «Денсаулық» колледжінде өтті.

Латынға ауысудың ұтымды тұстарын колледж студенттері жеткізді. Өз баяндамаларында болашақ медицина мамандары жаңа әліпбиді қолданудың, әсіресе өз саласындағы қажеттілігіне тоқталды. Тақырып аясын толық қамту үшін латын графикасына көшу туралы бейнеролик ұсынылды. Кездесу барысында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Игенберлина латын графикасын халық арасында талқылау жайын әңгімеледі.
– Түркітілдес елдердің біразы латын қарпіне ауысып үлгерді. Асығыстықтың әсері көптеген қателіктерге ұрындырды. Ал, бізде кезең-кезеңімен жүзеге асыру міндеті қойылып отыр. Яғни, жаппай бұқараның пікіріне мән беріледі деген сөз. Халық болып талдауға кірістік. Латын қарпіне ауысуға байланысты үш түрлі нұсқа ұсынылды. Олардың барлығы пікір таразысына салынып, егжей-тегжейлі талқыға түсуде. Тілдік заңдылықтарды сақтау талабына да баса мән берілуде. Бұл негізгі әліпбидің қоғам арасында қызу талқылануы арқылы ортақ шешім шығаруға болатындығын көрсетеді. Кешегі кеңестік кезеңде кириллицаны пайдаланып, жаңа әліпбиге ауысуды жылы қабылдай алмайтындардың босқа даурығуы әбестік. Бұл үлкен мүмкіндіктердің, ғылым мен техниканың тілін меңгерудің бірден бір жолы. Жастардың ағылшын тілін білгендіктен, латын қарпі ешқандай қиындық әкелмейді, – деді Мадинат Балтина.
Дөңгелек үстел барысында студенттер жаңа әліпбидің артықшылықтары туралы өз ойларымен бөлісіп, пікір алысты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.