Алаңдауға негіз жоқ

Басы ауырып балтыры сыздаған адам ең бірінші жедел жәрдемге қоңырау шалады. Алайда, адам жанына арашашы болып жүрген осы ақжелеңділердің қызметі төңірегінде соңғы қездері алыпқашпа әңгімелер көп айтылып жүр. Соның анық-қанығына жету үшін біз қалалық жедел жәрдем станциясының бөлім меңгерушісі Нұрлан Мұканбединовке жолығып, әңгімелескен едік.

– Ауру жаныңа батып, қиналған сәтте жедел жәрдем жетпейтіндей, уақыт өтпейтіндей боп қалатыны бар. Асыға күтумен өткізген 10 минутың 1 сағатқа татиды. Ал, өткен жылдың шілдесінен бастап шақыртқан жедел жәрдеміңіз 1 сағатқа дейін кешіксе сіз оған ренжи алмайсыз. Өйткені, бұған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен рұхсат беріліпті-міс. Осының ақиқатын ажыратып айтсаңыз.

– Ол рас. Алайда, барлық ауруларға емес, кейбір науқастарға ғана 60 минут ішінде жедел көмек көрсетіледі.
Өзіңіз айтқандай, өткен жылдың шілде айынан бастап елімізде медициналық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы заңды күшіне енді. Жедел медициналық қызмет туралы бұйрықта Қазақстан халқына жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетудің тәсілдері көрсетілген. Бұл жаңа бұйрық атүсті қабылданған жоқ, бұйрық шығар алдында жедел жәрдем қызметіндегі жай-жапсар талқыланып, сүзгіден өтті. Осы мәселе бойынша алдын ала бірнеше кездесулер өтіп, талдаулар жасалды. Сол талдауларға назар аударсақ, жедел жәрдем қызметіне түсетін шақыртулардың 56 пайызы  4 категорияларға тиесілі екен. Сондықтан, біз көбінесе 1, 2, 3-категорияға жататын ша­қыртуларға барудың орнына осы категориядағыларға кетіп, уақыт өткізіп алып жатамыз.
– Нұрлан Аптықалықұлы, елге түсінікті болу үшін осы категорияларыңызды жіктеп-жіліктеп берсеңіз.
– Категория дегеннің не екендігін қысқаша түсіндірер болсам, жедел жәрдем қызметінде шақыртулар төрт категорияға бөлінеді. Оның біріншісі – адамның есінен тануы, тыныс алуының тоқтауы, жүрек соғысының тоқтауы, тыныс алу жолдарында бөгде заттың тұрып қалуы, сіңір тартылуы, кеуде тұсының ауыруы, электр жарақаты, қан аралас құсу, яғни, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін, шұғыл медициналық көмек талап етілетін жағдайлар. Оған бригада 10 минут ішінде баруы керек. Екінші категория – сыртқы тыныс алудың айқын бұзылуы, теракт қаупі бар жерге шақырғанда, яғни, адам өміріне ықтимал қатер төндіретін,  медициналық көмексіз жағдай. Мұндайда бригаданың келетін уақыты 15 минутқа дейін. Ал, үшінші категория – іштің қатты ауыруы, жоғары дене қызуының түспей қоюы, босанатын әйелді толғақ қысуы сияқты жағдайлар. Бұларға бригада 30 минутқа дейін жетуі тиіс.
Міне, жедел жәрдем қызметі алдымен осы категорияларға медициналық қызмет көрсе­туге міндетті. Бірақ, кейде 4 кате­гориядағы шақыртуларға барып, алдыңғы категорияларға кешігуге мәжбүр болатынымыз бар. Бұл категорияларға науқастың денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп жоқ жағдайлар, жеңіл жарақат, жіті тері аурулары, кенеттен және айқын көрінген ағзалар мен жүйелердің бұзылуы сияқты жайттар жатады. Сондай-ақ, созылмалы аурулармен ауыратын адамдар да осы категорияда. Енді жедел жәрдем әуелі алдыңғы үш категориядағыларға барып, соңғы категориядағы науқастарға 60 минутта бара алады. Өйткені, бұл аурулардың адам өміріне қаупі жоқ.
Ал, созылмалы ауруы барлар – емханада диспансерлік есепте тұрған, уақытында дәрігерге қаралып, ем алып жүрген адамдар. Есепте тұрған науқастар бұған түсіністікпен қарайды деп сенемін.
– Соңғы кате­горияға жатандырға кім меди­циналық қызмет көрсетуі керек?
– Өте орынды сұрақ. Елді толғандыратыны да осы мәселе. Жаңа заң бойынша жедел жәрдем қызметі тек алдыңғы үш категорияға ғана медициналық көмек көрсетеді де, соңғы категориялар емханалар мен отбасылық дәрігерлік орталықтар үлесіне тиеді.
– Бұған дейін де учаскелік дәрігерді үйге шақыртып жүрдік. Енді олар тәулік бойы жұмыс істейтін бола ма?
– Жоқ. Емханалар мен отбасылық дәрігерлік орталықтар жанынан 24 сағат жұмыс жасайтын шұғыл көмек бөлімшелері ашылады. Бөлімшелердің өз мамандары, арнайы бригадалары, автокөліктері болады. 103-ке шақырту түскенде біз оны дереу тиісті емханаға аударамыз. Біз тек алдыңғы үш категория бойынша шұғыл медициналық көмек көрсетуге міндетті боламыз.
– Біздің жағдайда бұған мүмкіндік бар ма? Бұл жұмыстарға емханалар дайын болған күнде қалалық жедел жәрдем станциясына күш түспейді деп ойлайсыз ба?
– Дайын болуы үшін қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Біздің станция қалалық емхананың құзырында болғандықтан, бір бригада осы шұғыл медициналық қызмет көрсетумен айналысады. Өкінішке орай, отбасылық дәрігерлік орталықтарда мұндай мүмкіндіктер болмай отыр. Әзірге. Келешекте оларда да мұндай жедел қызмет ашылатын болады. Ал, қазірше біздің станция оларға көмек көрсетуде. Отбасылық дәрігерлік орталықтарға біз 4-ші категориялы шақыруларға ақылы қызмет көрсетеміз. Яғни, олар шұғыл медициналық қызмет көрсетуі тиіс науқастарға біздің мамандар барады да, сол үшін ОДА жедел жәрдем станциясына ақысын аударады. Сондықтан, кез келген категорияға жататын сырқаттардың алаң­дауларына еш негіз жоқ. Біз барлық шақыртуларға барамыз. Диспетчерге түскен шақыртуларды сырқатының сыйпатына қарай оны бірінші, екінші үшінші және төртінші категорияға жатқызып, жедел қызмет көрсетеміз.
Осы орайда мына бір мәселеге баса назар аударғым келеді. Кейбір азаматтар диспетчердің сұрағына жүрдім-бардым жауап береді. Оның қанша қажеті бар деп ойлайды. Жоқ. Олай емес. Диспетчерге сіздер айтқан сырқаттың сыйпатына қарай бригаданың жолқағазы толтырылады. Сол ар­қылы аурудың категориясы анықталады. Сондықтан, бұған мән бере қараңыздар. Диспетчердің сұрағына дұрыс жауап беріңіздер дегім келеді.
– Нұрлан Аптықалықұлы, қа­лалық жедел жәрдем станциясы Сәтбаевқа жақын орналасқан елдімекендерге жедел меди­циналық қызмет көрсете ме?
– Иә, біз Малшыбай ауылынан басқа елді мекендерден түскен қоңырауларды қабылдап, мүмкіндігінше көмек көрсетеміз. Ал, біздің құзырымызға жатпайтын аудандардан дабыл түссе, кезекші диспетчер қайсы номерге қоңырау соғу керектігін айтады. Бірақ, біздің қызметкерлер бармайды, біз жауап бермейміз. Ол үшін Жезқазған қалалық жедел жәрдем бөлімшесі бар. Әрине, қажет болған кезде медициналық кеңес және көмек беріп отырамыз.
– Жасыратыны жоқ, ай­мағымыздағы автокөлік жолдарында жол апаттары жиі орын алып, кісі өлімі де болып жатады. Сол жол апаттарына жедел жету жағы қарастырылған ба?
– Дұрыс айтасыз, елімізде болып жататын жол-көлік апаттарынан қаза табатындардың 84 пайызы оқиға орнында көз жұмады. Ал, дамыған елдерде, мысалы, Еуропада бұл көрсеткіш 50 пайыздай екен. Мұндай айырмашылықтың бір себебі жедел жәрдемнің уақытында бара алмауы немесе жарақат алған адамның қасындағы кісілердің алғашқы көмек көрсете алмауында екен. Сондықтан оларда автокөлік жүргізушілерін алғашқы көмек көрсетуге оқыту қолға алынған. Автокөлік жүргізушілері ең болмаса, қан тоқтата білуі керек. Алғашқы көмек көрсетуді полиция қызметкерлері де білуі тиіс.
Орайы келгенде айта кетейін, қолданысқа енген жаңа бұйрық бойынша жедел жәрдемнің жүргізушісінен бастап фельдшері мен дәрігерлері кең көлемді маман болуы керек. Жүргізушілері қажетті медициналық аппараттарды қосуды, қолдануды білуі шарт. Осы мақсатта бізде жедел жәрдем жүргізушілерінің барлығын парамедикке оқытамыз. Өзге де мамандардың біліктілігін арттыру үшін бос уақыттарында арнайы кесте бойынша сабақ өткіземіз және Қарағанды медициналық университетімен оқытуға келісімге отырдық.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.