Ысырапшылдық – Алла сүймейтін іс

Бүгінгі жастар арасында дінге ниеті ауып, құбылаға қарап, тізесін бүккендер аз емес. Алайда, Құран аяттары мен шариғат заңдылықтарына байланысты түсініспеушіліктер мен сауалдардан дау да туып жатады. Мұндай олқылықтардың салдарынан кейбір замандастарымыз жат ағымдардың жетегіне еріп кетуде. Осы орайда көкейде жүрген көп ойдың біразын жергілікті журналистерге арнайы сұқбат берген ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы-теолог Сансызбай Құрбанұлына қойған едік…

– Сансызбай аға, әңгімеміздің әлқиссасын әріге бармай, жуырда ғана қабылданып жатқан жаназа пәтуаларынан бастасақ. Анығырақ айтқанда, әр өңірлердегі ақсақалдармен қабылданған ережелер төңірегіндегі тыйымдарға тоқталсаңыз.

– Ең алдымен пәтуа дегенге назар аударалық. Ол төрт бөлімнен тұрады. Алғашқысы – тасаур, араб тілінен аудармасы – «болған нәрсені толық суреттеу», екіншісі – такиф, «оны реттеу, түсіну, саралау», содан кейінгі – хүкім, яғни, «үкім шығару» деген мағынаны білдіреді. Үкім шыққан соң оны сұранысқа қарай икемдеу «пәтуа» деп аталады. Пәтуа шариғатсыз болмайды, ал шариғат пәтуасыз қозғалмайды.
Қасиетті Құранда айтылғандай, әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады. Қазақта «Өзекті жанға бір өлім» дейтін сөз де бар. Кісінің қазасы сол адамның туған-туыстарының қабырғасын қайыстырмай қоймасы анық. Десе де, марқұмды ақ кебінге орап, арулап жерлеу – шариғат талап еткен іс. Бұл орайда жаназасын шығару кезінде шашетектен шығынға ұшырамау негізге алынуы керек. Мәселен, жаназада қойылатын ас мәзірі жұпыны болу керек. Себебі, ол қуанышқа жайылған дастархан емес. Той мен садақа дастарханының айырмасы екі бөлек болады. Яғни, келген адамдар дәм ауыз тиіп, сауабы бола берсін деген мақсатпен жайылатынын естен шығармағанымыз абзал. Кей ағайындар жақыны өліп, ас бергенде ірі малдарды қатар сойып ысырапшылдыққа ұрынып жатады. Оңды-солды шаша бергенше, кедей-кепшікке, жетім-жесірге үлестіргеннің сауабы марқұмға мол тиеді. Ал, енді жаназадағы митинг туралы. Бұл кеңес заманынан келе жатқан сарқыншақ. Шариғат жолы негізінде бұл артықтау болады. Жетісін кафеден беріп, шығынға бату да дұрыс емес. Қайтқан үйдің кісісі де қаралы. Сондықтан, оған артық ауыртпашылық түсірмеу керек. Жыртыс тарату дегеннің мәнісін біз жоғалтып алғандаймыз. Ол шариғатта жоқ нәрсе, салт-дәстүрлермен қабысып кеткен ырым. Оның негізгі мән-маңызына үңілуіміз қажет. Қазақта көп жасаған қарияның ғұмырын берсін, салиқалы өмірін санамызға сіңірсін, абыройын берсін деген мақсатпен киімін тәбәрік ретінде алған. Ал қазіргі жасап жүргеніміз бос әурешілік, түсінбегендік. Пайдаға аспаған, дүкеннен жаңа сатылып алған жыртысты тарату дұрыс емес. Жалпы айтқанда жаназа пәтуаларының барлығы ысырапшылдыққа жол бермеу үшін бекітіледі.
– «Қазақтың бар дәстүрі дінмен біте қайнасып кеткен» дегенді барлық исламтанушы ғалымдарымыз алға тартады. Десе де, кей дін терісін жамылушы дүмшелер мен шаласауаттылар осы тіркеске өздігінше түрен салып, дәстүрлі дінді теріске шығаруға шебер. Бұл орайда «бидғатшы» деп безілдей жөнелетіндерге басу айту қаншалықты әсерін беріп отыр?
– Дін мен дәстүр – егіз ұғым. Одан айныған, яғни дәстүрге негізделген дінді теріс дейтіндерге әлбетте насихат жүргізу керек. Құрмет пен құлшылықты ажырата алмайтын жастар пайда болды. Келін сәлем салса ширк дейді, жасы үлкен адам келе қалғанда орнынан тұрса мұны ширкке санайды. Сөйте тұра, құлшылықтың не екендігін сұрасаң, оның анықтамасын өзі білмейді. Оның мағынасы жалыну, жалбарыну, кішірею дегенге саяды. Ардақты Пайғамбарымыз да «Үлкенге – құрмет, кішіге ізет қылмаған бізден емес» деп қатаң ескерту жасаған. Қауға сақал мен қысқа балақ қоюға құмар әсіредіншілдердің әрекеті де жат нәрсе. Сақал қою ол исламның, иманның, тіпті олардың ішкі және сыртқы шарттарында жоқ. Ол Пайғамбар сүннеті. Сақалды зор құрметке ие, қадірі таймаған, ақыл-парасаты толған, өзінен кейінгі адамдарға өнеге көрсете алған жағдайда қойған. Ал, қысқа балақ қою дін түсе бастаған тұста тәкәппарлықтан жирену ретінде қарастырылған. Балақ қысқалығы тек жат жердің ұстанымы болғандықтан, біздің дәстүрлі дүниетанымымызға жат.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.