Әкеммен өткен тамаша бір күн

Газетіміз­де бұрынырақ хабарлағанымыздай, қаламыздағы мектеп ұжымдары әр оқушының ата-анасымен тығыз байланыс орнатып, отбасылық құндылықтарды ұлықтау мақсатында бірқатар мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырған болатын. Өткен аптада сол тәрбиелік мәні бар тағылымды кездесулердің қорытындысы ретінде қалалық әкелер слеті өткізілді.

Абай атындағы №4 мектеп-лицейде өткен «Әкеммен өткен тамаша бір күн» атты әкелер жиыны биыл осымен 8 мәрте ұйымдастырылды. Слетке Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, қалалық әлеуметтік бөлім басшысы Гүлмира Таңсықпаева, білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков, қалалық әкелер кеңесінің төрағасы Бейімбет Бралин қатысты. Қонақтар әкелермен бірге мектеп қабырғасында ілінген суреттер аллеясын тамашалап, әке мен бала бірлесіп атқарар жұмыстарға назар аударды. Бұдан кейін акт залында салтанатты жиынның шымылдығы түрілді.

Жиын кезінде құттықтау сөзін сөйлеген құрметті қонақтар отбасындағы жауапкершілік, ата-ананың алар орны төңірегінде ой өрбітіп, қала мен мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген әкелерге алғыс хат табыстады.
Бұл күнде әкелер қосыны спорттық шаралардан қалыс қалмады. Ой жарыстарында да бой көрсетті. Балаларымен бірге ас дайындап та көрді. Мектеп маңайындағы талдарға құстарға арнап ұялар орнатты. Осылайша, әкелер қауымы бір күнін мектеп қабырғасында өткізіп, отбасындағы жауапкершілікті жете ұғынуға тырысты.

Комментарии закрыты.