Ұлытаудағы ұтымды істер

Ұлт ұясы атанған Ұлытау әлі де ұтымды істерімін елге үлгі болып отыр. Оны ауылда өтіп жатқан айшықты шаралардан аңғару қиын емес.

Қарашада жауған қарының мұрты мамыр туғанша бұзылмайтын Ұлытауда қысқы спорт түрлерінің кез келгенін өткізуге мүмкіндік мол. Ауданның спорт бөліміндегі азаматтар осыны мейлінше тиімді пайдалануға тырысуда. Жуырда ғана мұнда Қысқы спорттық шаралардың бірнеше түрін қамтыған «Мұзбел» фестивалі өтті. Ұлытау селосындағы Өркештау баурайында өткен қызықты ойындарға барша ауыл жастары қатысты. Олар шаңғымен, шанамен сырғанап қана қоймай, өзара бақ та сынасты. Тау бөктеріне жиналған спортшы қауымға ауыл тұрғындары дастархан жайып, ас мәзірін ұсынды.

Қаламызда өткен шаңғы жарысы еске түскенде «Шіркін, біздің спорт бөліміндегі мамандар сол Ұлытауға барып үйреніп келсе ғой» деп ойлайсыз.
Ұлытаудан үйренетін тағы бір жақсы іс – ел ішіндегі өнерпаздарды елге таныстыру. Осы мақсатта ауданда дәстүрлі «Тау самалы» фестивалі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Наурыз айының басында аталмыш фестивальдың ашылуы болды. Оның шымылдығын аудан әкімі Әнуар Омар құттықтаумен ашып, фестивальдың жұмысына сәттілік тіледі.
Алғашқы шығармашылық кешті №1 Ұлытау орта мектебі өткізді. Алдағы уақытта ауданға қарасты барлық кенттер мен селолық округтердің, мемлекеттік мекемелердің шығармашылық кештері арнайы жасалған кесте бойынша өтіп тұратын болады.

Комментарии закрыты.