Сәтбаевым – құт-мекенім

Іргетасы 1973 жылы қаланып, жер астынан кен қопарған кеншілер қауымының қаласына айналған Сәтбаев ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін жылда 38 жасқа толды.

Ғұлама ғалым Қ.И.Сәтбаев есімін иеленген қала еліміздің экономикасының дамуына, ырысының артуына себепші болды. Қазір қалада 70 мыңға жуық халық шоғырланған. Өзге ұлттар осы шаңырақ астында тату-тәтті, ымыра-біршілікте өмір сүруде.

Он үшінші қыркүйек күні қала жұртшылығы өздерінің сүйікті қаласының туған күнін атап өтті.

Мерекелік іс-шара Кеншілер алаңында «Менің сүйікті қалам» атты сурет көрмесі, балалар сәндік-қолданбалы шығармашылығының жәрмеңкекөрмесінен бастау алды. Бұл көрмеге қаланың білім ошақтары оқушыларының қолынан шыққан сәндік-қолданбалы бұйымдар, қаланы әсем бейнелеген суреттер қойылды. Жеңімпаздар анықталып, ұйымдастырушылар атынан марапатталды. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының қатысуымен «Дені саудың – жаны сау, жаны саудың – тәні сау» атты спорттық ойындарға да белсене атсалысты. «Менің сүйікті қалам» деген тақырыпта Флеш-моб ұйымдастырылды.

Қала күнінде білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен жыл сайын өтетін «Күз сыйы» көкөністер көрмесі сары күздің бізге берген несібе, ырысының мол екенін көрсетті. Бұл көрменің жұмысын да қала әкімі Б.Шыңғысовтың өзі аралап, балалардың қолдарынан шыққан туындыларға ризашылығын білдірді. Көрменің бас жүлдесін №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің оқушылары жеңіп алды. С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушылары І орынды алса, ІІ орынды №25 орта мектептің оқушылары иеленді. №16 мектептің оқушылары ІІІ орынды қанжығаға байлады.

Қала басшысы Б.Шыңғысов «Сарыарқанан», «Аргонавт» жергілікті өнім өндірушілердің өнімдерімен де танысып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Кешкілік салтанатты мерекеге дейін қала жұртшылығы мен қонақтары үрмелі аспаптар оркестрінің өнерін тамашалады.

Одан кейін Кеншілер алаңында қала күнінің салтанатты мерекесі өтті. Меркелік іс-шара қала әкімі Б.Шыңғысов бастаған қаланың іргетасын қаласқан қаланың Құрметті азаматтарының, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, депутаттардың және Жезқазған қаласының әкімі Б.Әбдіғалиұлы мен «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің басшылығының ғұлама ғалым Қ.И.Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Кеншілер алаңында «Жайнай бер, сүйікті қалам!» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Бағдарламаны «Сәтбаев балғындары» барабаншылар тобы ашты.

Қала күнімен сәтбаевтықтарды қала әкімі Б.Шыңғысов, «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің бас директоры В.Оглов құттықтап, биылғы жылы өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам басқан Қазақстанның гүлденіп, дамуындағы қаланың үлесін атап өтті. «Сәтбаев – еліміздің мақтанышы» театрландырылған көріністе қаланың кешегісі мен бүгінгісі көрініс тапты. Көріністің соңы қаланың Құрметті азаматы А.Күлшекенованың орындауындағы «Сәтбаев вальсімен» тәмамдалды. Өздерінің концерттік бағдарламасымен Жезқазғаннан келген «СЭР-клуб», Г.Жидебаева, Ж.Көпбосынов сәтбаевтықтардың қуанышына ортақтастықтарын әндері арқылы жеткізді.

Қаламыздың көркемөнерпаздары да мерекеге әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі.

Одан кейін сахнаға мерекеге арнайы шақыртылған әнші Роман Ким (суретте) көтеріліп, барша сәтбаевтықтарды мерекемен құттықтап, репертуарындағы қазақша, орысша, корей тіліндегі әндерді тарту етті. – Кеншілер қаласының ырысы мен байлығы артып, халқы дәулетті де сәулетті тұрмыс кешіп, жылдан-жылға мерекеге жете беріңіздер, – деген тілегін жеткізді бізбен сұхбатында әнші.

Үшінші «Super star kz» жобасының бас жүлдегері, жерлесіміз, қаланың мақтанышы Нұржан Керменбаев шыққанда, оған деген жерлестерінің ықыласы ерекше болды. Әнші өзінің туған қаласының туған күніне деген тілегін жалпақ жұртқа жеткізіп, ескі және жаңа әндерін тарту етті. Нұржан мен Салтанат Бақаеваның («Арна» тобы, суретте) орындаған «Егіз лебіз», «Жалындаған махаббат», «Қайдасың?» және т.б. әндері көпшіліктің көңілінен орын тауып, жиналғандарды бір серпілтті. – Бізді қолдап, қолпаштаған, өнерімнің алғашқы баспалдағы қаланған туған қалам – Сәтбаев қаласының орны мен үшін айрықша.

Жерлестерімнің қолдау-қошеметіне айтар алғысым шексіз. Қалың жұртшылықты сіздер арқылы тағы да қала күнімен құттықтаймын, – деді Нұржан.

Әдеттегідей мерекелік концерт отшашумен аяқталды. Ғарышпен тілдескен әнді өлке, той-думаның шалқып, жер байлығың тасып, даңқың арта берсін демекпіз!

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.