Арулар – құрмет биігінде

8 Наурыз қарсаңында әйелдер қауымына елеулі құрмет көрсетілді. Кеншілер сарайында түрлі салада аянбай еңбек етіп, қаламыздың қоғамдық өміріне белсене араласып келе жатқан бір топ аруларға Сәтбаев қаласының Құрмет грамотасы табысталды. Салтанатты жиын барысында көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді.

Мерекелік жиналыста төрден орын алған құрметті аналар Гүлбақыт Байназарова, Гүлнар Елібекова «Алтын алқа» төсбелгісін мойынға ілсе, Гүлбаршын Куцбенова «Күміс алқамен» марапатталды. Тірлік нәрін сеуіп, отбасы құндылығын басты орынға қойып жүрген батыр аналар мен барша әйелдерді Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

– Бүгінде қойнауы кенге толы Сәтбаев қаласында әйелдер қауымы қызмет етпейтін сала кемде-кем. Мемлекеттік қызметте жүргендердің 56 пайызы нәзік жандылар. Аруларымыз білім саласының – 90, денсаулық сақтау саласының – 70, ал кәсіпкерлік саласының 30 пайызын алып отыр. Осында отырған қызғалдақтай құлпырған қыз-келіншектер – аяулы ана, адал жар, іскер ханым, сенімді серіктес, адал дос. Елеулі еңбектеріңізді мойындай отыра, сіздерге деген құрметіміз шексіз, – деді Асқар Абылайұлы.

Бұдан бөлек, өндіріс, денсаулық, білім, мәдениет салаларында ұзақ жылдар бойы өнімді еңбек еткен әйелдерге Сәтбаев қаласының Құрмет грамотасы табысталды. Кеш барысында кішкене бүлдіршіндер арнау өлеңдерін оқыды. Қала және аймақ өнерпаздары әннен шашу шашты. Жиын соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.