Оқытылады, жұмыспен қамтылады

Әкім аппаратының жанынан құрылған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын іске асыру мәселелері жөніндегі қалалық комиссия жоспарлы отырысын өткізіп, оған қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева төрағалық етті.

Күн тәртібінде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы комиссияның құрамына өзгерістер енгізу» және «Бірінші бағыт шеңберінде өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздар мен табысы аз адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді ұйымдастыру» туралы мәселелер қаралды.

Комиссияның отырысына Сәтбаев қаласы қаржы бөлімінің басшысы Е.Сакеев, т.б. мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Бірінші мәселеге орай комиссия төрайымы М.Мәдиева сөз алып, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасындағы үш бағытқа кеңінен тоқталды. Бірінші бағыт шеңберінде өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздар мен табысы аз адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді ұйымдастыруды жауапты тұлғаларға тапсырды.

Отырыста бағдарламаның бірінші бағытына қатысушыларға дерекқорға енгізілген басым мамандықтардың тізбесіне сай жұмысқа орналасуға байланысты кеңес берілді.

Қазіргі таңда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының Аумақтық комиссиясының бекітілген жоспарына сәйкес бірінші бағыт бойынша 2011 жылға қайта даярлау, біліктілігін арттыру, кәсіптік даярлауға 56 үміткер құжаттарын тапсырған.

Комиссия мүшелері қаралған екі мәселе бойынша хабарламаларды тыңдап, талқылап, тиісті шешім қабылдады.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.