Белсенділік таныту маңызды

Аптаның басында қаламыздағы жастар ресурстық орталығында жергілікті өзін-өзі басқару турасында дөңгелек үстел өткізілді. Кездесуге жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жөніндегі республикалық сарапшы Марғұлан Ермағанбетұлы келіп, жастарға аталмыш заң тұрғысында толық мағлұмат берді. Маман жастарды шаһарымыздың қоғамдық өміріне белсене араласуға шақырды.

Дөңгелек үстелге Қоғамдық кеңес төрайымы Марал Мәдиева, Жезқазған кентінің әкімі Берік Әбен мен қаламыздағы колледждердің студенттері қатысты. Ашық диалог форматында ұйымдастырылған жиын басында сөз алған сарапшы жергілікті өзін-өзі басқару төңірегінде әңгіме өрбітіп, оның негізгі жұмыс принциптеріне тоқталды.

– Халық арасында басқарудың осы үлгісін жеткілікті түсінетіндер аз. Басым көпшілігі жергілікті өзін-өзі басқаруды тек «өзімдікі өзім үшін» деп теріс түйсінеді. Асылында, ол қате пікір. Бұл басқару түрінде бұқара әкімнің қандай да бір салада болсын, мәселеге қатысты пікірін білдіріп, тікелей шешім қабылдау процесіне қатыса алады. Бұл дегеніміз белгілі бір өңірдің қоғамдық өміріне атсалысуға мүмкіндігі бар деген сөз. Жергілікті басқару туралы арнайы Заңға осы саланы жетілдіру мақсатында өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Мысалға, ауылдарда сол жердегі тұрғындардың қатысуымен жергілікті қауымдастықтар жұмыс жүргізе алады. Ал, қала өміріне қатысты мәселелерді реттеуде аумақтық кеңестер жүйелі түрде жұмыс жасай бастады. 2016 жылы қоғамдық кеңестер құру туралы заң қабылданғанда, олардың құзыретінде негізгі 3 мәселе бойынша ұсыныс-пікір білдіріп, шешім шығаруға қатыса алатындығы мақұлданған еді. Аумақтық кеңес мүшелері ТКШ мәселелері, құқықбұзушылықтың алдын алу, санитарлық жағдайды бақылау сынды жұмыстармен айналысатын болды. Бүгінде бұл салада біраз жұмыстар атқарылып келеді. Сіздер де өз тараптарыңыздан сол ұйымдарға өз пікірлеріңізді білдірулеріңізге болады, – деді Марғұлан Ермағанбетұлы.

Кездесуге келген Марал Сағынайқызы өзі басқарып отырған Қоғамдық кеңес жұмысымен таныстырып, жастардың пікірлеріне де баса мән берілетінін алға тартты. Марал Мәдиева өз кезегінде жастардың белсенділігі туындаған мәселелерді реттеуге оң септігін тигізетінін жеткізді. Дөңгелек үстел барысында студенттер өздерінің сұрақтарын қойып, білікті мамандардан мардымды жауаптар алды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.