Процедуралар жеңілдетілмек

Қазақстанда мүгедектікті және еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін белгілеу процедурасы жеңілдетілмек. Бұл туралы еңбек вице-министрі Светлана Жақыпованың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «Еңбек және әлеуметтік саланы цифрландыру» тақырыбында өткен шарада вице-министр үш әлеуметтік қызмет (жасына байланысты зейнетақы тағайындау, базалық зейнетақы төлемдері мен БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы) бойынша құжаттарды қабылдау «бір өтініш» қағидасымен жүзеге асырылатынын атап өтті. «Нәтижесінде зейнеткердің барлық төлемдері оның бір банктік есеп-шотына түседі, мемлекеттік кепілдік төлемдер де бір мезетте жіберіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерді белгілеу бойынша тағы алты мемлекеттік қызмет түрін проактивті етудің механизмдері жасақталып жатыр», – деді Светлана Жақыпова. Еңбек министрінің орынбасары мүгедектік пен еңбекке қабілеттіліктен айырылу деңгейін белгілеудің жаңа ережелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл қызметтер композиттік форматта көрсетілмек. Егер бұрын мүгедектікті белгілеу, жәрдемақыларды тағайындау және еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алу үшін адам үш ұйымға жүгінген болса, қазір тек бір ұйымға жүгінеді. Келешекте бұл өтініштер электронды түрде е-gov арқылы қабылданатын болады, медициналық-әлеуметтік сараптама өтініш берушінің жеке қатысуынсыз жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Бұл, сондай-ақ, адами факторды жояды және сыбайлас жемқорлық қатерлерін төмендетеді.

Комментарии закрыты.