Әжелер мен немерелер сайысты

Ата-ана мен мектеп тығыз байланыста болса ғана тәрбиенің тағылымы мол болады. Оны мектеп өміріндегі күнделікті тәжірибелер көрсетіп жүр. Бұған біз де куәгер болдық.

Жуырда қаламыздағы қазақ тілді мектептердің қарашаңырағы атанып кеткен №27 мектепте ата-аналар мен оқушылары бірлесіп бақ сынасқан тамаша бір шара өтті. Оған мектептің бастауыш сынып мұғалімдері 3 «Б» сынып жетекшісі Айнұр Айтілеуова мен 2 «А» сыныбының жетекшісі Жанар Кенжелина және 2 «Ә» жетекшісі, осы жолдардың авторы Айгүл Белгібаева мұрындық болды.
Байқауда әжелер мен немерелері 5 түрлы сайыс бойынша сынақтан өтті. Бірлесе жұмыс істеу, ортақ тіл табысу, отбасылық сыйластық пен әже тәліміне үйрету сынды үлкен тағылым беретін шарада әжелер мен немерелер осы үдеден көріне алды. Оны байқауды сараптаған қазылар алқасы мен жанкүйерлердің жылы лебізінен айқын аңғаруға болады.
Қазылар алқасының қорытындысы бойынша сайыста барлық сыннан сүрінбей өтіп, үлкен ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен мен жетекшілік ететін 2 «Ә» сыныбының ата-анасы Гаухар Жалмұрзина мен немересі Адилья Ратановаға Бас жүлде бұйырды. Осы орайда сыныбымыздың ата-аналар комитетінің мүшесі Мархаба Жалмұрзинаны ерекше атап өткім келеді. Қандай іске болмасын белсене кірісіп, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын ата-ана өзгелерге үлгі бола білуде.
Жалпы, әжелер мен немерелер сайысына менің сыныбымның оқушылары белсене қатысып, үлкендердің ризашылығына ие болды. Әсіресе, оқу озаттары, өнерлі қыздарымыз Кәусар Кәдірсізқызы мен Ажар Ерден сайыстың көркі болды. Біздің сынып мұндай іс-шараларда әлі өздерін көрсететін болады.

Айгүл Белгібаева,
бастауыш сынып мұғалімі.

Комментарии закрыты.