Құрметті жерлестер! Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!

Наурыз мейрамы ежелден жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен берекенің арқауы болып келеді. Бұл мереке – қазақ халқының мән-маңызын жоғалтпаған салт-дәстүрлерін барынша сақтай отыра, барлық қазақстандықтың басын біріктіріп отырған ұлттық байлығымыз.

Пейілі даласындай дархан жұртымыз қашанда Ұлыстың Ұлы күнін ақ дастархан жайып, ақ тілекпен қарсы алған. Елдің сүттей ұйыған тыныштығын, халықтың ырысты ынтымағын тілеген. Бұлақ көзін ашып, тал егіп, көмекке зәру адамдарға қолұшын беріп, сауапты ізгі істермен айналысқан. Ұрпақтан ұрпаққа үздіксіз жалғасып келе жатқан осындай игі дәстүрлер кең өріс алып, тың мазмұнмен байып отырғанына бүгін баршамыз куәміз.

Әз Наурыз халқымызда жаңа жылдың бастауын, табиғат ананың қайта жаңғыруын білдіреді. Көктемнің осынау ғажайып мерекесі ежелден ырыс пен берекенің, молшылық пен жаңашылдықтың жаршысы саналған. Күн мен түннің теңесіп, дүниенің жайнайтын сәті Қазақ еліне жақсылығын ала келсін.

Қымбатты жерлестер! Ата-бабаларымыздың салып берген сара жолын сақтай отырып, ақ дастархан басында бір-бірімізге бейбіт өмір, бақыт пен табыс тілейміз. Наурыз мейрамы әрбір үйге, әр отбасыға шаттық пен қуаныш әкелсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Сәтбаев қаласының әкімі А.Ыдырысов.
Қалалық мәслихат хатшысы Т.Хмилярчук.

Комментарии закрыты.