ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Сәтбаев қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасыдемографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Қала әкімінің орынбасары, аталмыш комиссияның төрайымы М. Мәдиева кіріспе сөзбен жиынды ашып, күн тәртібімен таныстырды.

Отырыста мемлекет басшысының жастар мен жас отбастарын қолдау жөніндегі Қазақстан әйелдерінің V форумындағы тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған шараларды мемлекеттік органдардың орындауы туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Т.Қапарова, білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері А.Танабаева, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Ғ.Сүтбаев шығып хабарлама жасады.

Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат стратегиясын орындаудағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жөнінде ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қ.Бегімова баяндады. Қалада әйелдер көшбасшылығын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және көшбасшы әйелдердің мектебін құру жөнінде Жезқазған аймағы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы А.Абдуалиева есеп берді.

Весовая елді мекеніндегі отбасылық түрдегі кітапхана меңгерушісі О.Владимирова мекемедегі атқарылған жұмыстары туралы бейнеслайдтың көмегімен баяндап шықты.

Қазіргі қолданыстағы бюджеттік бағдарламаға сәйкес қалада жас отбастарына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жыл басынан бері 16 жас отбасына 632,0 мың теңге адрестік әлеуметтік көмек көрсетілген. Мемлекеттік балалар жәрдемақысы 54 жас отбасына төленді, азық-түліктің қымбаттауына байланысты 48 жас семьяға материалдық көмек көрсетілді. Оның сыртында туберкулезбен ауыратындар ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, сырттай емделу кезінде қаржылай көмек жасалды.

Үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету ісшаралары шеңберінде әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға 2011 жылы қалалық бюджеттен 4 млн. теңге бөлініп, 9 ірі жоба жүзеге асырылған. Соның ішінде Гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру ісшараларына 1250,0 мың теңге бөлініп, «Әйел ел қуатын еселейді» акциясы, «Аналар мен қыздар», «Жыл отбасы» қалалық фестивалі ұйымдастырылып, өмірлік ауыр жағдайға душар болған әйелдер мен балаларға психологиялық-құқықтық көмек беру орталығы ашылды.

Ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен Жезқазған аймағы бойынша іскер әйелдер қауымдастығы әйелдер көшбасшылығы мектебін құруды жоспарлап отыр. Жобаның мақсаты – әйелдер көшбасшылығы тақырыбының маңыздылығын көрсету және іскер әйелдер имиджін қолдау. Сондай-ақ, әйелдер бастамаларын ынталандыруға, әйел басшыларды анықтауға, оларды қоғамға танытуға ықпал ету. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының қалыптасуына, өркендеп өсуіне өзіндік үлестерін қосқан Сәтбаевтың көшбасшы әйелдері жайлы «Их призвание – лидерство» атты жинақ шығару қолға алынған.

Президентіміз Н.Назарбаевтың жүктеп отырған міндеттерінің бірі – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамыту. Қала мектептері жанынан шағын орталықтардың ашылып, жұмыс істеп жатқандығы әрі осы тапсырманы жүзеге асыру болса, әрі жас отбастарын қолдау, көмектесу болып табылады.

Отырыста қаралған мәселелер төңірегінде комиссия мүшелері өз ойларын айтып, толықтыруларын енгізді. М.Мәдиева осы жұмысқа сараптама жасап, одан әрі халыққа кеңінен жеткізуді, насихаттауды ұсынды.

Үкіметтік емес ұйымдар өткізетін шаралардың сапасына аса көңіл бөлуді, әр ісшараны талқылап, нәтижесін шығарып, көрсетіп отыруды тапсырды.

М.ЖАППАСБАЕВА, әйелдер істері және отбасыдемографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі.

Комментарии закрыты.