Ануар – үздік рэппер атанды

Жексенбі күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында, директоры Н.Геймбухтың қолдауымен алғаш рет «Қазақ рэпері – 2009» атты сайыс өтті. Қазақстан елінде кеше ғана қауызын жарған рэп мәдениетіне біздің қаламыздың да жастары өз үлестерін қосуда. Аз да болса өздерінің авторлығымен ән, яғни рэп орындап жүрген қаламыздың сегіз серісі сахна төрінен орын алып, сынға түсті. Сайысқа қатысушы рэперлер «таныстыру» және «үй тапсырмасынан» тұрған бөлімдерде әндерді өз репертуарларынан алыпты. Екінші айналым еркін тақырыптан тұрғандықтан Ms Bora, Дінмұхамбет сынды жігіттер әндерін ата-аналарына арнаса, Ms Taгoн «Кона» есімді досына, ал Ануар өмір жайында айтып шықты. Сонымен қатар, көрермендер жастар арасында танымал бола бастаған «Денс Лайф» тобының билерін де тамашалап отырды. Расында, өмір сынаққа толы демекші, қазылар алқасының сынынан сүрінбей өткен рэперлер ішінен ІІ орынды Жезқазған қаласындағы №6 кәсіптік лицей оқушысы Мұхтар, ІІІ орынды Жезқазған қаласындағы Қазақ-түрік лицейінің оқушысы Дінмұхамбет иеленсе, жүлделі І орынды Сәтбав қаласындағы Абай атындағы №4 мектеп лицейінің оқушысы Ануар қанжығасына байлады. Сондай-ақ, басқа да қатысушыларды «Ең үздік қазақ рэппері – 2009» грамоталарымен марапаттады. P.s. Дегенмен, қаламызға енді келіп жеткен хип-хоп жолында жастар әлі де көп еңбектену керек. Ал, әзілмен өткен көңілді жарыста, рэп өнерін жас рэпперлер аша алды деп айта алмаймын. Өйткені, мен сияқты тыңдарман үшін кейбірінің мағынасы да, мәні де түсініксіз, тіпті сөзін де ажыратып алу қиын. Мұндайда дайындықтан гөрі алдымен іріктеу өткізу керек сияқты, әрі осындай кемшіліктердің кетуі, қаламызда арнайы рэп өнерімен айналысатын мамандардың жоқтығынан. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді, мүмкін қаламызда бұл өнердің алғаш рет өтіп тұрғандығынан болар. Г.Әжібаева.

Комментарии закрыты.