Бірлескен отырыс

Өткен аптада қалалық жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі консультациялық кеңесші орган мен әкімдік жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен байланыс жөніндегі қалалық кеңестің бірлескен отырысы болып, оған қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева төрағалық етті.

Екі кеңестің күн тәртібінде «Қаламыздағы 14-29 жас аралығындағы жастар арасындағы құқық бұзушылық мәселесі», Қалалық «Жас Отан» жастар қанатының әлеуметтік маңызды жобаларын іске асыру және қала жастарының қоғамдық маңызды іс-шараларға қатысуы», «Үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттік органдардың әлеуметтік саладағы бірлескен жұмысы», «Ұзақ мерзімді жобалардың жүзеге асырылу тиімділігі», «Үздік ҮЕҰ байқауын өткізу» туралы бес мәселе қойылып, талқыланды.

Осы сұрақтарға байланысты Сәтбаев қаласы ІІБ жасөспірімдер тобымен жұмыс жөніндегі инспектордың міндетін атқарушы полиция капитаны Д.Әбдікәрімова, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Н.Наурызбай, ішкі саясат бөлімінің басшысы К.Сағындықова қысқаша баяндама жасады.

Д.Әбдікәрімованың баяндамасы бойынша өткен 8 айдың қорытындысында жалпы алғанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс төмендеген. Дегенмен, №3 кәсіптік лицей мен технологиялық колледжде құқық бұзушылықтың өсуі байқалады. Өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда жастарға қатысты 88 қылмыстық істен бас тарту қаулысы шығарылған. Бүгінгі күні 112 жасөспірім есепке алынып, олармен қылмыстың алдын-алу мақсатында әртүрлі іс-шаралар өткізілуде. КТІЖТ инспекторлары мен мектеп әкімшіліктері бірлесіп кәмелетке толмағандардың тұрғылықты мекен жайлары бойынша тексерулер жүргізуде.

Н.Наурызбайдың хабарлауынша, қазіргі күні «Жас Отан» Жастар қанатында 739 мүше, 5 бастауыш бөлімше бар. Оның біреуі Жезқазған кентінде, біреуі Сәтбаев ауылында жұмыс атқаруда. Қалалық іс-шараларға белсене қатысып жүргендер саны 50-ден аспайды. Осы орайда М.Мәдиева белсенділер санын көбейтуді, жасотандықтарды жаппай спортқа тартуды, аула клубтарының жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Бір баланың бірнеше кружокпен айналысуын қамтамасыз ету, әсіресе, құқықтық тәрбиеге көңіл бөлу керектігін айтты.

Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі баяндаманы тыңдай келе, комиссия төрайымы теңдерді ұтып алушылардың өткізетін шараларының сапасын қадағалауды, бөлінген қаржыны жан-жаққа шашпай, тиімді жұмсалуына және нәтижелілігіне көңіл аудару керектігін тапсырды.

Үшінші мәселе бойынша К.Сағындықова алдағы уақытта өткізуді жоспарлап отырған «Үздік ҮЕҰ» байқауының шартымен, мақсат-мүддесімен таныстырып, белсенділік танытуға, қатысуға шақырды.

Көтерілген барлық мәселелерге орай қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстары есепке алына отырып, бірлескен отырыс қорытындыланды.

М.Жаппасбаева, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі консультациялық кеңесші органның мүшесі.

Комментарии закрыты.