Мәнерлеп оқу байқауы

Қазақстан халқы Тілдері күні биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында аталып өтілді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілін дамытуды, мәртебесін өсіруді басты бағыттың бірі ретінде қойып отыр.

Талай теперіш көрген, көріп те келе жатқан ана тіліміздің деңгейін көтеру отбасынан, балабақшадан, мектеп қабырғасынан бастау алады. Осындай қағиданы берік ұстанған №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімдері жыл сайын осы мерекеде 3-4-ші сынып оқушыларының арасында мәнерлеп оқу сайысын өткізіп келеді.

«Қазақ тілі – елдігімнің тірегі» деген атпен өткен биылғы байқауда 9 оқушы қатысып, бақ сынасты. Тәрбие ісінің меңгерушісі Айткүл Жаманғарина, бастауыш сыныптың оқу ісінің меңгерушісі Қымбат Қапышова байқауға қатысқан балғындардың өнерін бағалады.

Кішкентай «Жігіттер» тобының орындауындағы ұлы қолбасшы Абылайхан бабамызға арналған «Абылайхан» әні байқаудың шымылдығын ашты.

Ұлттық киім киген бүлдіршіндер тек қазақ тілі жайындағы өлеңдерін оқып қана қоймай, Отан, ел, Тәуелсіздікті де ән-жырға қосты.

Байқаудың ІІІ орнын 3 «А» сынып оқушысы Маржан Күрдебай иеленді. ІІ орынды 4 «Б» сынып оқушысы Гүлфайруз Досмағанбет, І орынды 4 «Б» сынып оқушысы Шыңғыс Дастан жеңіп алды.

Бүлдіршіндердің оқыған өлеңдері-ақ олардың келешекте тіл жанашыры болатындықтарын байқатты.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.