Балтай қажы

Ғұмырында талай белестерден өтіп, қиындыққа мойымай сескеннің сеңгіріне шыққан Балтай Тағанбаев бүгінде қарттықтың кемесінде шалқып отырған жанның бірі.

Ақсақал 1930 жылы Ұлытау ауданы Қорғантас ауылында дүние есігін ашқан. Әкесі Досмағанбет екі інісімен Ұлы Отан соғысына аттанып, отбасын асырау Балтайдың мойнына түседі. Өздерінің туған ауылындағы шаруашылықты тұралатпау үшін үлкендермен ере жүріп, жазда қырманда, қыста малшылардың жанында жүріп, мал бағады.

– Ауылдың әскерге жасы жеткен азаматтарының бәрін соғысқа алды. Шаруашылыққа әйелдер мен жас балалар араласты. Қым-қуыт тірлікпен жүріп, балалақтың еш қызығын көрмедік. Ел үшін, майдан үшін деп жан алысып, жан берісіп еңбек еткен үлкендердің арасында жүріп, шыңдалдық, есейдік. Жастайымнан бейнет көрдім. Ауылдың шаруашылығында жүріп аяғымды сындырып, қазір сол аяқ сыр беріп жүр. Соғысқа аттанған әкеміз жеңіспен елге оралып, заман сәл түзелгенде Қарсақбайға келіп, өрт сөндіру мекемесінде, одан кейін Жезді бойындағы Ақтаста жер қазып, кварц кенін алдық. Қанатын жайып гүлденген Жезқазғандағы мыс қорыту зауытында еңбек етіп, «Покро» шахтасынан 1982 жылы зейнеткерлікке шықтым. Қазақ дейтін ел қандай қиындық көрсе де жасымады, басын бұқпады. Соның арқасында Тәуелсіз елге айналды. Мен Тәуелсіз елдің баянды тірлігін көргеніме қуаныштымын, – дейді ақсақал.

Жасы жетіп, аяғының күші қайтса да бес уақыт намазын қаза қылмайтын Балтай ақсақал 2004 жылы Меккеге барып, қажылық парызын өтеп келген.

«Еңбек ардагері» медалі, әр жылдағы Жеңіс мерекесіне арналған мерекелік медальдар қарттың еңбегінің бағаланғанының куәсі.

«Қарты бардың – қазынасы бар» деп қазақ бекер айтпаса керек. Қазынадай қарттарымыз аман болсын!

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.