Жастар белсенділік танытты

Жиырма төртінші қыркүйекте республикалық сенбілік өтті. Бұл шара біздің қалада Даңқ алаңындағы «Саябақтар маршы» атты акциядан бастау алды. Мектеп оқушылары, технологиялық колледждің студенттері, жалпы саны 150 жас атсалысқан акция қыркүйектің 24-26 аралығында өтті.

Акцияның ашылу салтанатына «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай қатысып, жастарға сәттілік тіледі. Салтанатты ашылудан соң жастар «Жеңіс» саябағын тазалау жұмыстарына кірісіп кетті.

– Акция қаладағы алаңдарға, саябақтарға абаттандыру мен тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Игі шараға қатысқан осы жастарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді, – дейді «Жасыл ел» еңбек жасағы штабының төрағасы Д.Төлегенов.

Бұл күні мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпорындардың жұмыскерлері, мектеп оқушылары мен мұғалімдері, №3 кәсіби лицейдің студенттері қаланың өзге де жерлеріне тазалық жұмыстарын жүргізді.

Сәтбаев қаласы бойынша МСЭҚ басқармасының мәлеметі бойынша, сенбілікке 480 еңбек ұжымы, 10200 адам, 44 техника жұмылдырылған. Алты арнайы бекітілмеген жерден қоқыс шығарылып, тазартылды. Жиырма бес шам бағаны, жол жиектері әктелген. Шағын аудандардың үйінің алдындағы 2500 метр жол жөнделді. Қала бойынша 200 ағаштың артық бұталары кесілген. – Біздің қадағалауымыздың нәтижесінде 3 жеке кәсіпкер ескерту алды. Ескертуден соң, үшеуі де сенбілікке шықты. Республикалық сенбілікке ПАТиМ, «Сәт Сәулет» АҚ, электр желілері кәсіпорыны, №3 кәсіби лицей, мектеп оқушылары мен мұғалімдері, Солтүстік Жезқазған кеніші ұжымы белсене атсалысты. Керісінше, құрылыс-монтаж алаңы, Оңтүстік Жезқазған кенішіне қарасты №45, 65 шахтаның жұмыскерлері өздеріне бөлінген аумақты тазалауға шықпады, – дейді МСЭҚ басқармасының бас маман Г.Жалмурзина.

Бір айта кетерлігі, әдеттегідей мектеп оқушыларының көмегі көп болды. Олардың жинап-терген қоқыстары қапшықтарға салынып, жақын маңдағы қоқыс жәшіктеріне апарылғанымен, жәшіктердің босы болмады. Барлық қоқыс жәшіктің айналасында қалды. Еңбектеніп жинаған қоқыстар желмен бір-ақ сәтте ұшып, қайта қалпына келді. Осындай кері әрекеттерді болдырмау үшін қоқыс алатын жауапты мекемелер сенбілік өтетін күндері таңғы 7-ден 9-ға дейін қоқыс жәшіктерін босатып қойса атқарылған жұмыс зая кетпес еді.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.