Елбасы Отардағы Жауынгерлік парадқа қатысты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Отан қорғаушылар күнін мерекелеу шеңберінде Отар 40-шы әскери базасында өткен Жауынгерлік парадқа қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы «Отар» 40-шы әскери базасына келгеннен кейін оған  парадқа басшылық етуші – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Бектанов әскери парадты өткізуге және аумақтық әскерлер құрамаларына жауынгерлік туларды тапсыру рәсіміне дайын екені жөнінде баяндады.
Қазақстан Президенті ардагерлерге, сарбаздар мен офицерлерге арнаған сөзінде қарулы күштер қауіпсіздігіміздің басты кепілі, Отанымыздың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің берік тірегі болып саналатынын атап өтті.
Елбасы мемлекет тарапынан армиямызға мейлінше қолдау көрсетіліп, оның әлеуетін нығайтуға зор мән берілетінін, Қазақстан 2030 жылға қарай заманауи, мобильді әрі жоғары кәсіби армия жасақтау жөнінде мақсат қойып отырғанын атап өтті.
Әскери парадқа 3 мыңға жуық әскери қызметші қатысып, 300 әскери техника мен қару-жарақ және 40 ұшу аппараты жұмылдырылған.

Комментарии закрыты.