Кәсіподақ тынысы

Аймақтық кәсіподақ ұйымының конференциясы өтті Өткен жетіде Жезқазғанда мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподақ кеңесінің ІІ есеп беру, сайлау конференциясы өтті. Конференцияға сайланған делегаттар мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподақ кеңесінің 2004-2009 жылдар аралығындағы атқарылған жұмысы туралы кәсіподақ төрағасы С.Қ.Аманжоловтың есебін тыңдады. Есеп беру мерзімінде аймақтық кәсіподақ кеңесі, бастауыш кәсіподақ ұйымдары ҚР-ның Еңбек Кодексін, «Кәсіби одақтар» туралы Заңын және де салалық «Жарлықты» басшылыққа ала отырып, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға, тұрмысы мен демалысын жақсартуға бағытталған жұмыс берушілермен бірге ұжымдық келісім-шартты қабылдап, қарапайым еңбек адамының еңбек, әлеуметтік құқықтарын қорғауда біршама жұмыстар атқарды. Кәсіподақ кеңесі еңбекшілердің демалысы кезінде сауықтыру орындарында денсаулықтарын түзеу үшін «Сарыағаш», «Қазақмыс» корпорациясының емдеу мекемелеріне жолдамалар бөлді. Сонымен бірге, баяндамашы еңбеккерлердің жұмыстағы бос уақытында танымдық сапарларды ұйымдастырудағы Сәтбаев қаласындағы жақсы бастамаларды ерекше атап өтті. Биылғы жылы жазда Сәтбаев қалалық мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Р.Ө.Кантеева мен Сәтбаев қаласы әкім аппаратының кәсіподақ комитетінің төрайымы Ж.С.Серікбаеваның бастамасымен қаланың мемлекеттік қызметкерлері Ұлытау ауданында орналасқан тарихи ескерткіштермен таныстыру, сұлу табиғат аясында демалуды ұйымдастырды. – Осындай танымдық өрісімізді кеңейтіп, рухани нәр беретін іс-шараларды кәсіподақ ұйымдары қолдап отырса, құба-құп болар еді, – деді Серікбай Қадырұлы. Кәсіподақ төрағасы есебінде өз шешімін күтіп тұрған іс-шараларды да атап өтті. Қазіргі кезде аймақтық кәсіподақ 2 қалалық, 1 аудандық кеңес, қатырында 1500 кәсіподақ мүшесі бар 18 бастауыш ұйымын біріктіріп отыр. Өзекті мәселелердің бірі – кәсіподақ ұйымының аясын кеңейту, олардың беделін көтеру, сөйтіп бірлесе жұмыс атқару. – Біздің кәсіподақтың атында «банк қызметкерлері» деген сөз болса да, шын мәнінде бірде-бір банк мекемесінің қызметкерлері кірмеген, – деп атап өтті С.Қ.Аманжолов. – Осы қаржы мекемелерін аралап, оларды біздің кәсіподаққа кіруді ұсынғанымызда, банк басшылары «біз тек филиалмыз, бас кеңсеміз Астана, Алматыда. Сол жерлерде шешіледі» деген сылтау айтады. Бірақ та, сол жоғары орындарда кәсіподақ ұйымдары болса, олар осындағы қарапайым қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік мәселелерін келіп шешіп бермейді ғой. Олар жергілікті жерлерде шешілуі керек. Кәсіподақ төрағасы сонымен бірге алда тұрған міндеттердің санатында кәсіподақ жұмысына білімді де білікті, қарапайым еңбек адамына жаны ашитын азаматтарды, жастарды тарту, кәсіподақ мүшелерін курстарда оқыту, бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен пайдаланып, кәсіподақтардың тыныс-тіршілігін, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, кәсіподақ қатарына тарту үшін насихат жүргізу жұмыстарын атап өтті. Кәсіподақ төрағасының баяндамасынан кейін делегаттар кәсіподақ кеңесінің тексеру комиссиясының есебін тыңдады. Кәсіподақ қаржысының қандай іс-шараларға жұмсалғанымен танысқан соң, делегаттар болашақта кәсіподақ мүшелерінің денсаулық сақтау, емделу саласына қаржы молырақ бөлінсе деген ұсыныс айтты. Кәсіподақ мүшелерінің балаларын жазғы демалыс кездерінде сауықтыру орындарына жіберу де қолға алынса деген де өтініштер болды. Конференция барысында Жезқазған, Сәтбаев қалаларының кәсіподақ бастауыш ұйымынан сайланған делегаттар өз ұжымдарындағы жүргізіліп отырған кәсіподақ жұмыстарын баяндап, аймақтық кәсіподақ кеңесінің жұмысына оң бағасын берді. Сәтбаев қаласының делегаты, қалалық мәслихаттың ақпарат жетекшісі Қ.М.Махамбетова қаладағы мемлекеттік мекемелерінің кәсіподақ ұйымдарындағы іс-шараларға тоқталса, «Шарайна» газетінің бас редакторы М.С.Жаппасбаева аймақтық кәсіподақ кеңесінің, оның төрағасы С.Қ.Аманжоловтың қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік құқықтарын қорғауда көрсетіп отырған көмегін, ұжымдық келісім-шартта енгізілген (еңбек демалысына стажына қарай қосылатын демалыс күндері) жаңа тармақтардың бекітілгенін айтты. Сонымен бірге Майра Смағұлқызы өтіп отырған жиылыстың мемлекеттік тілде өтіп, құжаттардың барлығы қазақ тілінде дайындалғанын ерекше атап өтті. Конференцияның жұмысына шақырылған қонақтардың ішінде Жезқазған қалалық қаржы бөлімінің бастығы А.А.Байқасынов пен аймақтық ғылым мен білім саласындағы қызметкерлерді біріктіретін кәсіподақ ұйымының төрағасы М.С.Қоңыров мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымына сәттілік тілеп, кәсіподақ қозғалысы мен оның қоғамда алар ерекше орны жөнінде айтып өтті. Делегаттар аймақтық кәсіподақ кеңесінің 2004-2009 жылдар аралығындағы есебін тыңдап, атқарылған жұмысын қанағаттандыларлық деп есептеді. Конференцияда ұйымдық сұрақтар қаралды. Делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы бірауыздан мемлекеттік, банк, қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрағасы болып Серікбай Қадырұлы Аманжолов қайтадан сайланды. Сонымен бірге, делегаттар ұйымның кәсіподақ кеңесінің, атқару комитетінің, тексеру комиссиясының мүшелерін сайлады. Конференция соңында кәсіподақ төрағасы С.Қ.Аманжолов бірнеше кәсіподақ мүшелеріне оқу курстарын бітіргені жөнінде сертификаттар тапсырды. Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.