Күмбірлеп күй төгіліп, сыңғырлап ән шырқалды

Кеншілер қаласының мәдени өмірінде елеулі оқиға болды. Өткен жұманың ортасында қаламызға Астанадан Қазақ ұлттық өнер университетінің академиялық ұлт аспаптар оркестрі келді. Астаналық өнерпаздар Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тұғыры биік туған ел» концерттік бағдарламасымен ел аралап шығыпты.

– Бірінші болып атбасын Арқаның қақ ортасында орналасқан Сәтбаев қаласына тіредік, – дейді осы өнер керуенін басқарып келген қазақтың танымал өнер қайраткері, аталмыш университеттің ұстазы Ахат Байбосынов. – Кеншілер қаласының тұрғындарын тамылжыған ән мен күйге тәнті еткеннен кейін Жезқазған, Жаңаарқа, Петропавл, Шығыс Қазақстан аймақтарына бет аламыз. Мақсатымыз – халықты қазақ өнерінің небір саңлақтарының көмескіленбей келе жатқан шығармаларымен қауыштыру, өзіміздің білім ордасының жас әнші, күйшілерінің талантымен таныстыру.

Осы күні Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайына астаналық өнер иелерінің концертін тамашалауға халық көп жиналды.

Концерттік бағдарламаны Қазақстанның мәдениет қайраткері, бірнеше республикалық байқаулардың лауреаты, ұлт аспаптар оркестрінің дирижері Дәурен Ғылымовтың басқаруымен «Көңілашар» күйі ашты. Залдың зор қошеметімен қабылданған бұл күйден кейін Сүгірдің, Сыдық Мұхаметжановтың классикалық күйлері сахна төрінен төгілді.

Вокалдық өнердің асқан шеберлігін біз әншілер Сырым Мұхаметжанов пен Әсел Құрманбаеваның халық композиторларының әндерін орындағанда көрдік.

Конферансье жерлесіміз деп таныстырған Индира Рүстембекқызы қазақ күйінің құдіретін «Ақсақ құлан» күйімен жеткізсе, ал қыздардың «Назерке» қобызшылар ансамблінің орындаған шығармалары, қобызшы Зарина Махатованың орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі өнерсүйер қауымға ерекше әсер етті.

Ұлт аспаптар оркестрінің құрамында Сәтбаев қаласына қатысы бар өнерпаз жігіт те бар екен. Күйші Рымхан Әділханұлы кезінде қаламызда болған мәдени-ағарту училищесін тәмамдаған, қазір өнер университетінің аға оқытушысы.

– Мен Сәтбаевтың өнер мектебінен қанат қақтым, өзімді Шынболат Ділдебаев ағаның шәкірті санаймын. Өнерімді осы асыл ағаның рухына, сіздерге, құрметті жерлестеріме арнадым, – деп Рымхан жұртқа кеңінен танымал Нұрғиса ағамыздың «Әлқисса» күйін құйқылжыта орындап берді.

Концерттік бағдарлама барысында оркестрдің «Серпер» ансамблінің жігіттері домбыра шертудің жоғары деңгейін де көрсетті.

Бұл күні оркестр тек қана қазақ композиторларының ғана емес, румын, қырғыз халықтарының өнер шығармаларын да шебер орындады.

Астаналық өнерпаздардың концерті оркестрдің орындауындағы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен аяқталды.

Сәтбаевтықтардың атынан қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева қонақтарға зор ризашылығын білдіріп, бұл өнер мерекесі тамаша әсер қалдырғанын жеткізді. Марал Сағынайқызы қала әкімінің атынан астаналықтарға алғыс хат, естелік сыйлықтар табыс етті. Ахат Байбосынов өнер ұжымы атынан жылы қабылдаған жерлестеріне рахметін айтып, ыстық ықыласын жеткізді.

Мәди ӘЛЖАППАРОВ. 

Комментарии закрыты.