АУЫЗ СУ ТАЛАПҚА САЙ

Елбасының Жолдауындағы өзекті мәселелердің қатарында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету талабы да қойылған. Осы орайда қала тұрғындары пайдаланып отырған ауыз су сапасы мен оның мөлшері, қоры қандай? Бұл жөнінде Сәтбаев қалалық санитарлықэпидемиологиялық басқармасының басшысы Болат ҚҰНДАҚБАЕВПЕН болған сұхбаттан біле аласыздар.

– Сәтбаев қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендердің тұрғындарына ауыз су Есқұла жерасты суы мен Кеңгір ашық су қоймасынан беріледі. Оның 5тен 10-пайызға дейінгісі Кеңгір су қоймасынан, 90-95-пайызы Есқұладан келеді. Таза Есқұла суын ішіп отырған – ГРП поселкесі мен Сәтбаевтың тұрғындары. Жезқазған кентіне де Есқұладан келеді, бірақ оның жалпы көлемі су қысымына байланысты. Су қысымы басым болса, жер асты суы жеткілікті, ал су қысымы төмен болғанда, Кеңгір су қоймасынан келетін құбырлар арқылы толықтырылады. Бұл – Весовая елді мекенінің тұрғындары үшін. Ал, Крестовский халқы 100 пайыз Кеңгір суын ішеді. Осы Кеңгірден келген су екінші көтерме насос станциясындағы 6 резервуар – су қоймасына құйылып, ол жерде су хлорланады. Ал, Есқұла суы үшінші көтерме насос станциясындағы 2 резеруарға құйылады. Екі станцияда да сағат сайын хлор мөлшері тексеріліп тұрады. Оның мөлшері санитарлық талап бойынша бір литрге 0,3-0,5 миллиметр болу керек. Көктемде, қар ерігенде, хлордың мөлшерін 1,2-ге дейін көтерткіземіз. Су ағыны тоқтағанда хлор өз мөлшеріне келтіріледі.

Су құбырларында жөндеу жұмыстары болған жағдайда, үшінші насос станциясына 5000 куб. су мөлшері екінші насос арқылы келеді. Сонда біздің ішетін суымыз екі рет хлорланады. Себебі, Кеңгірдікі ашық су қоймасы болғандықтан, суды тазарту қондырғысы болу керек, ал бізде ондай қондырғы жоқ. Хлорланғаннан кейін судың мөлдірлігі, түсінің ашықтығы, тұнбалығы күнделікті тексеріліп отырады.

Біздің бір кемшілігіміз – су тазарту станциясы жоқ. Тұрғындарға суды тек қана хлорлау арқылы береміз. Тағы бір мәселе, бізде бұлақтан бұрқырап ағып жатқан су жоқ. Ашық су қоймасы болсын, жер асты суы болсын, ол – табиғатқа, қардың түсуіне, жердің қоңдылығына байланысты. Бұл жағдайлар ойдағыдай болмаса, судың кермектілігінің көбеюіне әкеледі. Қазір судың кермектілігі 8,2-9,2-ге дейін жетіп қалды. Ал, санитарлық тәртіп бойынша бір литрге 7 миллиграмм су кермектілігі болу керек. Сонда да жергілікті санитарлық-эпидемиология басқармасының тәртібіне сай 10-ға дейін көбейтуге рұқсат берілген, өйткені, мен айтып өткенімдей, бізде тазарту қондырғысы, судың кермектілігін төмендететін қондырғылар, қоспалар жоқ.

Егер де биылғы жылдай қар аз болып, су мөлшері төмен болса, онда су кермектілігі 14-15-ке дейін баруы мүмкін. Мұндай мөлшер адам денсаулығына зиянды.

– Сіздердің бақылауларыңыз бойынша, ауыз судан алып отырған сынама, сараптама қандай деңгейде?

– Былтырғы жылдың 8 айында судан 836 сынама (проба), биыл осы мерзімде 766 сынама алынды. Өткен жылмен салыстырғанда, санитарлықхимиялық көрсеткіш бойынша, талапқа сай емес болып 3 сынама анықталды. Ол – судың кермектілігіне байланысты. Ал, санитарлық-бактериологиялық көрсеткіш талапқа сай. Судың, жалпылама алғанда, сапасы осындай, санитарлық талапқа бүгінгі күнде сай деп есептейміз.

– Насос станцияларының жағдайы қандай?

– Бұл насос станциялары, су құбырлары Сәтбаев қаласының жылумен, сумен қамтамасыз ету кәсіпорнына қарайды. Өз тарапынан бұл мекеме «Қазақмыс» корпорациясына бағынышты болғандықтан, олардың санитарлық-техникалық жағдайы, қолданыстағы құрал-жабдықтар мен қондырғылар ахуалы қажетті қаражат бөлінуіне байланысты. Жыл сайынғы жөндеу жұмыстары біздің санитарлық қызмет пен қала әкімдігімен келісіп жүргізіледі.

Жалпы алғанда, магистралды, ауданаралық құбырлар күрделі жөндеуден өткізіліп тұрады. Қазіргі заманға сай полиэтиленді құбырларға ауыстырылып жатыр. Олардың сертификаты талапқа сай, пайдалану мерзімі де ұзақ. Жылумен, сумен қамтамасыз ету кәсіпорнында қаражат тапшылығына байланысты станцияларда, су желілерінде өлшеу құралдары жеткіліксіз, тазарту қондырғысы жоқ.

Қазіргі уақытта жаңа жоба бойынша Есқұладағы су құбырлар желісі айырбасталып жатыр. Үшінші көтерме насос станциясында қосымша резервуар салу жоспары да бар. «Қазақмыстың» болашақтағы бір жоспары – Есқұла суын Жезқазғанға тарту. Егер де Есқұла су құбырлары толығымен айырбасталып, қосымша резервуарлар орнатылса, Сәтбаев және оның маңындағы елді мекендер 100 пайыз Есқұла жер асты суын ішеді. Кеңгір ашық су қоймасы тек қана өндіріс қажетіне жұмсалатын болады.

– Болат Мұхамедияұлы, іргеміздегі Сәтбаев ауылы су тапшылығын көріп отыр. Осы мәселенің шешілетін түрі бар ма?

– Осыдан екі жыл бұрын ауылдың ішінде су скважинасы болды. Ол су құбырына қосылып, ауыл тұрғындарына көше бойына тартылып берілген. Уақыт өте заман өзгерді, су құбырлары, водоколонкалар істен шықты. Ауыз су скважинадан цистерналы автокөлікпен тасылатын. Енді осы скважинаның суы да тартылып, ол істен шығып қалды. Ауылдан екі шақырым жерде орналасқан скважинада насос орнатылып қойылды. Қазір санитарлық аумағын қоршау жұмысы қалды. Ол жерден де тұрғындарға ауыз су тасылып беріледі. Тағы бір қиындық – су тасығыш автокөліктің жағдайы. Резервуарының көлемі 3 кубтай, шлангасы жарамсыз, ескі көлік. Ол жөнінде санитарлық нұсқау берілді, іс-шара қолданылады.

Қазір ауылдағы судың сапасы, кермектілігі өте жақсы, су жұмсақ, майда. Ауыл маңындағы жер асты суларының тартылып жатқаны рас, себебі, ол жерлерде кен орындары ашылды. Сондықтан ауыл адамдары су тапшылығын көріп отыр. Әрине, жергілікті атқарушы органдар ауыл тұрғындарының өтініштерін тыс қалдырмайды деп ойлаймыз. Білім саласына қатысты, басқа да әлеуметтік мәселелер әрқашанда қала басшылығының назарында, ауылды абаттандыру, оның санитарлық ахуалының талапқа сай болуы да күн тәртібінен түспек емес.

– Бөке, әңгімеңізге рахмет.

Мәди ӘЛЖАППАРОВ.

Комментарии закрыты.