Қоғамдық комиссия бақылайды

Қарағанды облысында жол жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылған. Осы мақсатта облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қоғамдық бақылау комиссиясы құрылуда, оның құрамына жол мәселесіне немқұрайлы қарамайтын азаматтар, депутаттар, қоғамдық кеңес өкілдері және «Нұр Отан» партиясының өкілдері кіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі әкімнің сайтына кілтеме жасап.

Орайы келгенде айта кетейік, үстіміздегі жылы облыс бойынша 1000 шақырымнан астам автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланып отыр. Олардың 417 шақырымы республикалық маңызға ие болса, 620 шақырымы жергілікті маңызы бар және елді мекендердің көшелеріндегі жолдар.
Жол жөндеулерге барлық деңгейдегі бюджеттерден 44,6 млрд теңге бөлінген. Бағытты трансферттер есебінен облыстық бюджеттен аймағымыздың ірі қалаларында 141 шақырым жолдар жөнделеді. Осы жылдан бастап алғаш рет кент аралық жолдарды жөндеу қолға алынды. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша облыстық бюджеттен бұл мақсаттарға 2,4 млрд теңге бөлінген. Жалпы есептегенде бұл қаражат есебінен 230 шақырым аудандық жолдар жөнделеді.
Облысымыздың авто жолдарындағы жол жөндеу-құрылыс кампаниясы сәуір айының соңында басталған. Бұл жұмыстар қазан айына дейін жасалады деп жоспарлануда. Жөндеу жұмысы барысында бес сатылы бақылау жүйесі қолданылады, оның шеңберінде жұмыс барысы ғана емес, сонымен қатар асфальт қоспасын және пайдаланылатын материалдарды таңдау процессі қадағаланады.

Комментарии закрыты.