Марапатқа толы мереке

Кез келген жеке тұлғаның өмірінде өзіндік орны бар, қымбат жан болады. Сондай жанның бірі – ұстаз. Ұстаз – әрбір адамға білім мен тәрбие бере отырып, өмірден өз орнын табуға, азамат болып қалыптасуына жол көрсететін жан. Қай-қайсымыздың болса да жүрек лүпілінен шыққан ұстазға деген құрметіміздің, ізетіміздің жөні басқа. Ал «Ұстаз» сөзін естігенде көз алдыңа парасатты, білімді, жылы жүзді адам елестейді. Сондықтан, қастерлі мамандық иелеріне деген  құрмет қашан да жоғары.

Өткен жұмада жылдағы дәстүр бойынша Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы аясында ұстаздардың кәсіби мерекесі аталып өтті. Мерекеге қала әкімі Б.Шыңғысов, әкім орынбасарлары, қаланың Құрметті азаматтары, мемлекеттік мекеме басшылары және білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Салтанатты кеште бүгінгі күні өз кәсіби біліктілігін, тәжірибесін пайдаланып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде алдыңғы қатардан көрініп, ұстаз деген ұлы есімге лайық бірқатар ұстаздар марапатталды.

Жиынды қала әкімі Б.Шыңғысов ашып, мұғалімдерді мерекелерімен құттықтады.

Осыдан соң Бауыржан Қабденұлы саналы өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған, бойындағы бар жақсылығын балаға сіңірген, еңбек етуден талмаған, қайраты қажымаған білім саласының бір топ ардагерлерін құттықтап, бағалы сыйлықтар мен қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан Алғыс хаттар тапсырды.

Сонымен қатар, өзінің іс-тәжірибесімен үлкен жетістіктерге жетіп, ерлік пен бірлікті ардақ тұтқан, білім нәрімен сусындатқан қаламыздың бір топ ұстаздары облыстық Білім басқармасының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хатымен, Сәтбаев қаласы әкімінің, Сәтбаев қаласы мәслихатының Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының грамотасымен марапатталды.

Салтанатты мерекеде мұғал ім мамандығының қызығы мен шыжығына көндіге жүріп, өздерінің болашақта жақсы маман болатынын дәлелдей білген үш жас маманға «Жас маман» атағы беріліп, қала әкімі атынан арнайы естелік сыйлық тапсырылды.

Кештің ортасында білімнің әр түрлі саласына қатысты 15 номинация бойынша үздіктер анықталып, сертификатқа ие болды, жеңімпаздарға 70 000 теңгеден, қатысқан номинанттарға 15 000 теңге көлемінде әкімнің сыйақысы берілді. Ең соңында «Жыл мұғалімі» атағы және қала әкімінің 100 000 теңге арнайы сыйақысы қаланың Құрметті азаматы, білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төс белгісінің иегері, Абай атындағы №4 лицей-мектебінің директоры М.Дәкәрімоваға берілді.

Мерекені Балалар өнер мектебінің оқушылары әнмен әрлеп, бимен көркемдеп отырды.

Кеш қала мектептерінің жас мамандары орындаған патриоттық әнмен аяқталды.

Ұстаз – ғылым-білімнің, мәдениеттіліктің, ұстамдылықтың символы. Өзгенің бақыты үшін өзінің уақытын аямаған ұстаз беделі қашанда тек адал еңбекпен өлшенеді. Оның қиын да қызықты, игілігі мол ісі шәкірттерінің білімімен, қол жеткізген жетістігімен таразыланып жатады. Ендеше, ұрпағымыз бен еліміздің көсегесін көгертетін, ынта мен сабырдың, талап пен ізденістің тәлімгерлері – ардақты ұстаздарды әрқашан қадірлеп жүрейік.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.