Құрбандарға тағзым

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күнінде қаламыздағы «Тағзым» мемориалдық кешенінде митинг өтті. Жиынға шаһар басшылығы мен қала тұрғындары қатысып, тарих қатпарында қатталған қаралы кезеңнің құрбандарын еске алды. Кер заманда жазым болған боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, рухтарына тағзым етілді. Құран бағышталды.

Жалпы, сұм саясаттың салқынымен 1929-1933 жылдары қазақ жерінде 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллионға жуығы жан сауғалап, елден босып кеткен. Одан кейінгі саяси репрессия қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты. Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешуге мәжбүр болды. Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақстанға еріксіз, күшпен жер аударылып келген 1,5 миллиондай өзге этнос өкілдері де көрді. Сондықтан, бұл зұлмат бір ұлтты емес, күллі жұртты зар илетті.
Елбасы Н.Назарбаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған үндеуінде «…тарихымыздың осы ащы тағылымы оны Қазақстанның қазіргі ұрпағының жадына тоқып, зердесіне түйе білуімен құнды болмақ. Сондықтан, Қазақстандағы әлеуметтік бірлік пен ұлтаралық келісім, елдің тұрақты экономикасы мен биік абырой-беделі халқымызды XX ғасырда бастан кешкен зобалаңдардан сақтай білетін сенімді кепіл болып саналады. Өткен ғасырдың қасіретті кезеңдерін енді ешқашан қайталамау үшін біз бұл жетістіктерді бағалауға тиіспіз», деп, бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін арттыруды айтқан еді.
Жиынға қатысқан қала әкімі Асқар Ыдырысов сол қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтауға шақырып, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп ұғынуды ұрпақ парызына санады. Шаһар басшысы қаламыздың Құрметті азаматтарымен ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Митинг соңында мешіт имамы бабалар рухына Құран бағыштап, жеті шелпек таратылды.
Одан кейін шаралар легі «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешенінде жалғасты. Мұнда атаулы күнге орай қала тұрғындарына арналған көрме ұйымдастырылды. Онда қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың қолданған тұрмыстық заттары мен нәубет жылдардың тың тарихи деректері көпшілік назарына ұсынылды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.