Жаны жайсаң жан еді

Ақзәуреш Елтіндіқызы Айранбаева қасиетті Ұлытау ауданындағы талай саңлақты қияға ұшырған «Сарлық» ауылының түлегі еді. Жезқазған педогогикалық институтының география факультетін 1980 жылы тәмамдаған ол еңбек жолын Аманкелді ауылындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған.

Тұрмыс құруына байланысты ұстаздық қызметін Жәйрем кентінде жалғастырды. 1994 жылдың аяғында Сәтбаев қаласына қоныс аудардық. Жаңа қоныстағы жұмыс орнын Ы.Алтынсарин атындағы №19 мектепте мұғалім болып бастады. Жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына аса зор мән беретін. Жас мұғалімдерді үйге алып келіп ашық сабақ, сынып сағаты сияқты әр түрлі шараларды өткізулеріне ақыл-кеңес беруден жалықпайтын.
Ежелгі сақ, ғұн тайпалары туралы, көне түркі тарихы жайлы кітаптарды сүйіп оқушы еді. Бұл сірә әжесінен естіген көп ертегінің әсері болуы керек, балаларына да түрлі әңгімелер айтып отыратын. «Жұпар әжем тарихи әңгімелер, қиссалардан үзінділер айтып отыратын» – дейтін мақтанышпен.

Бірде мұғалім болып жүрген кезінде Аманкелді ауылына бір топ өлкетанушы мамандар атбасын тірейді. Жас мұғалім келген қонақтармен емен-жарқын сұхбаттасып, оқыған-тоқыған білетін деректерін ортаға салады. Келген кісілер аса риза болысады. Кейін екеуміз тарихи тақырыпты қозғап әңгімелескенде сол оқиғаны есіне алып күлдіретін. «Әттең, сол ғалымдар мені Алматыға алып кетеміз дегенде әкем байбалам салып жібермеді, онда саған бұйырмас едім», – деп күлетін.
Тағы бір естелік еске түсіп отыр. Бірде кіші ұлымыз Мағжанды ертіп Жездіге барады. Ол кезде әкелері қайтыс болған, ол үйде үлкен ағасы Қабылда тұратын. Барса үлкен дәмнің үстінен түседі. Кешке үйге екі беті бал-бұл жанып мәз боп келді. «Бекер бармадың Жәлел жездем мен Кәкімбек Салықов бар екен үйде» – дейді.
Екі дос аруаққа құран бағыштай келсе керек, жақсы отырыс болыпты. Аттанарда қолдарын қойып екеуі екі кітап сыйға тартады. Жәлел Шубайұлы: «Зәурешке! Тайжан ақын ұрпағы атынан сыйға тарттым» – деп жазып, ақын Т.Қалмағанбетовтың «Сақ-сақ күлсін сырнайым» деген жыр жинағын ұсынса, Кәкімбек аға «Отырар сазы» – атты өлеңдер жинағын сыйлапты. «Ардақты досым Елтіндінің қызы Ақзәурешке! Ақтұйғындай асыл досымның қызы деп сыйға тарттым» – деп қолын қойыпты жарықтық.
Досын ақтұйғынға теңегені – Елтінді марқұм да от ауызды, орақ тілді қара сөздің де, мақал-мәтелдің де шешені еді ғой. Өзіме тартқан Зәурешім ғана деп отырушы еді.
Ия, ұстаздық еткен 10-ақ жыл мерзімде ұжымның да ата-аналардың да үлкен құрметіне ие бола білді. Алғыс марапаттары да аз емес. Соңғы жылы мектеп басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ғылыми жұмыспен айналыссам деген арманы болды. 2007 жылы мамырда Қарағандыда өткен мұғалімдер конференциясында «Бейіндік оқыту және бейіндікке даярлау» деген тақырыпта ғылыми жұмысын ұсынған еді. Конференцияда оқылған еңбектер Білім арттыру және қайта даярлау институтының ұсынысымен кітап болып жарыққа шыққан.
Денсаулығы сыр беріп жүрсе де жұмыстан қалмады. Шілде айында екеуміз де еңбек демалысына шықтық, Астанаға қыдырмақшы болдық. «Жоқ, мен әуелі денсаулықты дұрыстайын, шектің түйілгені аса қиын ота емес дейді ғой» – деді. Отаға келісті, бірақ, оңалып кетуді тағдыр жазбады, отадан кейін 7 күн өткенде бақиға аттанды. Сөйтіп арманшыл жүрек соғуын тоқтатты. Естелігімді 2009 жылы шілде айында жазған өлеңіммен аяқтайын.

Қалай кеттің, қарағым, бәрін тастап,
Нұрлы әлемді бақиға айырбастап.
Шабыт толы, шарықтау кезің еді,
Орындалмай қалды ғой арман-мақсат.

Сүреңсіз өтіп жатқан жылдар сенсіз,
Көгімнен ағып түскен алтын жұлдыз,
Шіркін-ай, қатар жүрген күндер қайда,
Сағыныш саған деген шетсіз-шексіз!

Жәми Тұрсынбаев.

Комментарии закрыты.